Ресей кинематографиясында соңғы бесжылдықта өз спорты мен мәдениетін насихаттайтын фильм жиі жарық көріп жүр. Соның дәлелі ретінде, Kinopark 11 IMAX Esentai кинозалында ресейлік "Лед" фильмнің сиквелінің жабық көрсетілімі өтті. Бұл – фильмнен алған әсер туралы жазба, уайымдамаңыз, спойлерсіз. Режиссері – Жора Крыжовников.
Алдымен, бірінші бөлімді көруге кеңес беремін. Фильм алдыңғысына қарағанда әлдеқайда драмалық және отбасылық. Туындының тағы бір тосынсыйы бар: мюзикл. Музыкалық орындаулар фильмді одан сайын әсерлі еткендей. Егер миллениум өкілі болсаңыз, танымал әндерді еріксіз қосыла жырлайтыныңыз анық (Бұл жерде ресейліктер отандық әндерді де сәтті қолданған).
Актерлік құрамда біраз өзгеріс бар: 10 жасқа дейін 70 түрлі түсірілім алаңында бой көрсеткен кішкентай актриса Виталия Корниенко, "Кухня", "Отель Элеон" сериалдарының жұлдызы Сергей Лавыгин секілді әртістермен толықтырылған.
Басты қаһарман хоккейші Александр (Алекстандр Петров) аяқ астында отбасылық өмірдің тәтті шағынан сәтсіздікке тап болады. Өмірі 180°С-қа өзгереді. Оның қиындықты мойындамауы, оны жеңуі, тәуекелге баруы, жақсы мен жаманды ажырата алуы – көрерменге сабақ. Кино өмірден алынатынын ескерсек, бұл бір құдды жағдаяттан шығу жаднамасы секілді.
Мұз үстіндегі махаббат орта жолда мұз астына түсіп кетеді. Тоң боп қатқан жүректі анасының есімін иемденген кішкентай, бүлдіршін кеуде жібітеді, өмірге қайта әкеледі.
Балаға деген махаббат пен оның өміріне төнетін қауіптен қорқу. Осы екі ұғымның соңғысын таңдасаңыз, бала өмірден керегін таппайды, ал алдыңғысын, яғни махаббатты шартсыз және нәрлі, құнарлы етіп ұсынсаңыз, өмірден ойып тұрып, өз орнын алады, өз керегін табады.
Сашаның кей мінезі мен қылығы ессіз адамның тірлігі секілді көрінгенімен, ессіздіктің кей кезде пайдалы тұсы болатынын білдіретіндей. Фильмнен одан басқа өз құлқы мен бақытын ойлаған бейнені де, бала мен әкенің табысуын шын тілейтін жүректі де, бала көзінен шырақты жазбай танитын педагогты да, қоғамға таныс шенеунік образын да табасыз.
Әр фильмнен көрермен өзін таба алса, ол оның есінде қалады, жатталады. "Сіз өзіңізді кіммін деп ойлайсыз?". Жоғарыда айтқан шенеунік пен Сашаның диалогынан, ауыспалы мағынамен, шынымен, образдардан өзіңізді таба алдыңыз ба?