Қазақ киносының дамуына үлесін қосып жүрген беделді режиссер Сатыбалды Нарымбетовтың «Мұстафа Шоқай» киносы мемлекеттік тапсырыспен түсірілген.
ХХ ғасырдың алғашқы тоқсанында саяси қызмет атқарған Мұстафа Шоқай өмірі мен тағдыры туралы тарихи туынды 2008 жылдың 20 қарашасында жарыққа шықты. Фильмде елінің азаттығын аңсаған азамат Мұстафа Шоқайдың өмірі, саяси жолы, Түркістан, Кавказ, Түркия, Франция елдеріндегі эмигранттық тағдыры, айдауға түскен кезде көрген қиыншылықтары айқын көрініс тапқан. Сүйікті жары, опера әншісі Мария Горина жолдасының жанын түсініп, өз қызметін пида қылады.
Режиссер Сатыбалды Нарымбетов Мұстафа Шоқайдың өмірінің көпшілік біле бермейтін кейбір сәттерін ашып, оны көрермен қауымға кеңінен танытты. Ол неше түрлі желеумен талай жанды концлагерьдегі өлімнен құтқарып, олардың Еуропа аумағында емін-еркін өмір сүруіне ықпал етті.
Фильм сценарийінің алғашқы нұсқасын белгілі жазушы Әкім Тарази кинороман қылып жазды. Кейін Сергей Бодров пен Ермек Тұрсынов кинороманға сүйене отырып, фильм сценарийінің жеті-сегіз нұсқасын жазып шығарған.
Басты кейіпкер Мұстафа рөлін қырғыз актері Әзиз Бейшеналиев сомдады. Ал оның жары Мария Горинаның бейнесін кәсіби әртіс болмаса да, қазақ өнерінде өз орны бар әнші-сазгер Карина Абдуллина жоғары деңгейде орындап шықты.
Фильмге Лия Нэльская, Тоқтарбек Қамшыбай, Берік Айтжанов, Мұхаммед Исо Абдулхаиров, Игорь Гузун, Антон Зорба (Мясников), Наталия Аринбасарова, Сергей Уфимцев, Дмитрий Скирта, Иржи Конечны, Милош Конечны, Вацлав Легнер, Алексей Шемес, Бақытжан Әлпейісов, Сергей Погосян, Ирина Капустина, Григорий Ефимов (Эпштейн), Владимир Крылов (IV), Игорь Горшков, Марина Куделинская сынды қазақстандық және шетелдік әртістер түскен.
Қызықты мәліметтер:
Фильм үш жылдай уақыт түсірілді. Марина Горина рөлін сомдауға ресейлік актриса Шолпан Хаматова шақырылған. Алайда, актриса қаламақысы жоғары болғандықтан, киноға басқа актриса іздестірілді. Фильмнің ұзақтығы түпнұсқада бес сағатқа жетеді.Суреттер ғаламтор беттерінен алынған.