Әлем бойынша тұсаукесері 9 шілдеде өткен мәлім де беймәлім "Арыстан патшаның" бастан кешкен хикаясын бәріміз бала кезімізден білеміз. Жаңа форматта қайта экранизацияланған бұл фильм Disney компаниясының алғашқы туындысы емес. Сонымен бәрі қалай басталды?
Бас-аяғы 50 жылдың ішінде Walt Disney Pictures мультипликация классикасы атанған бірнеше туындыны дүниеге әкелді. Уақыт өте мультфильмдерге қарағанда фильмдердің өтімді екені анықтала бастағандықтан, олар бұл бағытқа түбегейлі бет бұрды. "Сұлу мен құбыжық"(Красавица и Чудовище) өз кезегінде жылдың үздік фильмі атанып, "Оскар" жүлдесін иеленген болатын.
Disney компаниясының алғашқы "тірі" ремейктері:
Disney-дің фильмге бейімделген алғаш туындысы 1994 жылы шыққан "Джунгли кітабы" болатын. Ал, фильмнің режиссері ретінде "Мумия" фильмі арқылы танылған Стивен Соммерс жұмыс істеді. Әрине, фильм сценарийі толықметражды мультфильмнен өзгеше: фильмде жануарлар сөйлемейді, ал басты сюжет Мауглидің өз махаббаты үшін күресіне негізделген.
Walt Disney Pictures өзінің жаңа бағыттағы туындыларына араға екі жыл салып қайта оралады. Бұл жолы "101 далматин" жарыққа шығады. Сюжет осы жолы мүлдем өзгеріссіз қалды. Фильмнің сәтті шығуына актерлік құрам қатты әсер етті: Сәнқой әрі қатыгез Стервелла де Виль рөлін атақты актриса Гленн Клоуз ойнаса, оның қол астындағыларды Хью Лори мен Марк Уильямс сомдады.
Кейін сәттілікпен қанаттанған студия "102 далматин" атты фильм түсірді. Бірақ, бұл алғашқыдағыдай сәтті бола қоймады. Осыдан кейін Walt Disney Pictures бір декада бойы ремейк жасаған жоқ.
Қайта оралған киноадаптация:
2010 жылы Тим Бертонның режиссерлігімен "Алиса ғажайыптар әлемінде" атты мультфильмнің киноадаптациясы жарыққа шықты. Алисаның рөлін сол кезде аса танымал бола қоймаған аустралиялық актриса Миа Васиковска сомдады.
Мінсіз адаптация тарихта көп көрілім жинаған фильмдердің қатарына еніп, эффектілер үшін "Оскар" сыйлығын иеленді. Ал, араға алты жыл салып өзге режиссердің көмегімен "Алиса айнаның арғы бетінде" (Алиса в Зазеркалье) атты фильм шықты.
Алисадан соң 2014 жылы көрерменге "Малефисента" картинасы ұсынылды. Мұнда "Ұйқыдағы ару" мультфильмінің ремейк нұсқасында оқиға басқа тұсынан сипатталады. Бұл жолы ханшайым емес, жауыз мыстанның оқиғасы басты назарға алынған. Анджелина Джоли өз рөлін керемет сомдағанына қарамастан, фильм біраз сынның астында қалған болатын. Әсіресе сценаристер жұмысы көп сыналды. Ал, кассалық жиыны біраз фильмді артта қалдырды.
"Малефисента" ремейктердің жолын ашқан фильм десек қателеспейміз: киноадаптация репертуары "Күлбике"(2015), "Джунгли кітабы" (2016), "Пит пен айдаһар" (2016), "Сұлу мен құбыжық" (2017), "Дамбо" (2019), "Аладдин"(2019), "Арыстан патша" (2019) фильмдерімен толықты.
Осы айда жарыққа шыққан "Арыстан патша" киноадаптациясы әзірге кассалық жиын бойынша көш бастап тұрған фильмдердің қатарына енді.
Дегенмен, соңғы уақыттары Walt Disney "Суперісі" атты фильмге актерлер жинау барысында деген жаңалық шықты. Тіпті, Ариэль рөлін сомдау үшін Холли Бэйли есімді қара нәсілді қыз таңдалғаны жайлы ақпарат дисней жанкүйерлерін біраз әуреге салды. Ал, ханзаданың рөлі Гарри Стайлзға бұйырғаны да жасырын емес. Бірақ, қашан түсіріліп, қашан жарық көретіні әлі белгісіз.
Жоспардағы киноадаптациялар:
"Ханым мен қаңғыбас" (Леди и бродяга)
Тұсаукесер уақыты – 12.11.2019
Режиссёр Чарли Биннің көмегімен жарыққа шығатын қаңғыбас ит пен үйде өскен, өзін ханым атайтын үй жануары арасындағы әсерлі оқиға қайта жанданады.
Лило мен Стич
Disney өткен жылдың күз айында Гавай аралдарында өмір сүретін Лило есімді қыздың өмірін баяндайтын киноадаптацияға дайындық жұмыстарын бастағанын жариялаған болатын. Осы уақытқа дейін мультфильм сюжеті бойынша қыз Стич есімді ашулы бөгдеғаламшарлықпен танысып, оны қайырымдылыққа үйретеді. Толықметражды мультфильм 2002 жылы шыққан. Ал, киноадаптация қашан жарыққа шығатыны белгісіз.
Мулан
Тұсаукесер уақыты – 25.03.2020
1998 жылы жарыққан шыққан мультфильмнің кино нұсқасы келесі жылы жарыққа шығады. Әскерге түсу үшін ер балаша киініп, өмір сүретін ер жүрек Муланның рөлін Лю Ифэй ойнайды. Ал, қытай императорының рөлін атақты жұлдыз Джет Ли сомдайтыны анықталды.
Том мен Джерри
Тұсаукесер уақыты – 15.04.2021
Диснейден бөлек, Warner brothers компаниясы осы жылы атақты мультсериал Том мен Джерридің кино нұсқасын дайындауға кірісті. Әзірге тек фильмде де олардың адамдарша сөйлеспейтіні анықталды.
Неге мультфильмдерге ремейк түсіру жиілеп кетті?
Бұған компаниялардың өз себебі бар:
Біріншіден, Walt Disney Pictures немесе Warner brothers компаниялары ертегі кейіпкерлерін не оқиғаларды ойлап тапқан жоқ, бар болғаны оларды тек экранизациялау жолында жұмыс істеді. Яғни, көп күш пен уақытты талап етпейді. Оның үстіне, ертегі ретінде танымал болғандықтан оларға авторлық құқық турасынан шектеу қойылмаған. Сондықтан, кез келген компания өзінің "Суперісін" не "Джунгли кітабын" жасай алады.
Бүгінде көрерменді жүрегін жаулау қиын. "Өрмекші адам", "Темір адам" секілді фильмдерді көріп өскен балаларды классикалық анимация таңғалдыра қоймасы анық. Оның үстіне киноадаптацияға ересектер де еш қиындықсыз барады. Әрине, "мультфильм" қарауға жасқанатын ересектер үшін кино нұсқа — таптырмас көңіл көтеру әдісі.
Соған қарамастан, адамдардың көкейінде неге ремейк жиі түсіріліп кетті деген сұрақ бар. Бәрі оп-оңай: көрермендер киноға баруды доғарған кезде ремейктерді түсіру жұмысы аяқталады. Өйткені, әзірге классикалық анимациялар адаптацияларының өмірін ұзартып тұрған көрермен ғана.