"Монополия" ойынында қулықпен $ 24 миллион жымқырған адам туралы фильм түсіріледі

"Монополия" ойынында қулықпен $ 24 миллион жымқырған адам туралы фильм түсіріледі
Фото: vk.com

Жақында The Daily Beast басылымына "Америкалық коп McDonald's-тағы "Монополия" ойынынан $ 24 миллионды қалай жымқырды?" деген атаумен қызықты мақала шықты. Оны танымал Джефф Майш жазған. Ал, ақшаны ұрлап, оны дос-жаран, туған-туыс, қала берді кедей-кепшік, ауру-сырқауға таратқан адамның есімі — Джерри Джейкобсон.

Алып фастфуд компаниясын осынша қомақты қаржыға шығынға ұшыратқан алаяқтың оқиғасы Голливуд режиссерлерінің көңілін аудармай қоймады. Енді Fox кинокомпаниясы мақала сюжетін экранизациялауға кіріспек. Сценарийді көптеген ұтымды жұмыстары арқылы танылған Пол Верник пен Ретт Риз жазады.


Режиссер орындығына Бен Аффлек жайғасса, басты рөлді Мэтт Деймон сомдайды. Бір қызығы, бұл тандем осыдан 20 жыл бұрын Гас Ван Сенттің "Ақылды Уилл Хантинг" фильмінің түсіріліміне бірге қатысқан. Ал, 1999 жылы Аффлек пен Деймон Кевин Смиттің "Догма" картинасында басты рөлдерді сомдады. Кейін актерлер "Джерсилік қыз" (2004) фильміне бірге түсіп, актерлік жұпқа ғашық өнерсүйер қауымды тағы бір мәрте қуантқан болатын.

А. Оралқызы