- Негізгі бет
- Кино
- "Мона Лизаның" ұрлануы...
"Мона Лизаның" ұрлануы туралы фильм түсіріледі
Екі мәрте "Оскар" жүлдегері Джоди Фостер "Мона Лизаның" Луврдан ұрлануы туралы фильм түсірмек. Фильм негізіне өмірде болған шынайы оқиға алынған. Нақтырақ айтсақ, сюжет сол сәтті суреттеген "Мона Лиза ұрланған күн" деген кітап бойынша құрылған. Оның авторы – Сеймур Рейт.
Леонардо да Винчидің "Мона Лизасы" Луврдан 1911 жылдың тамыз айында ұрланған болатын. Картинаны екі жылдан кейін Флоренциядан тапқан. Ұры болса, бар болғаны әділеттілік орнағанын қалайтынын айтып, өзін ақтамақ болады. Оның ойынша, Наполеон ұрлап кеткен шедевр туындыны Италияға қайтару қылмысқа баланбауы тиіс екен.
Винченцо Перуджиа есімді суретші 1911 жылы картинаны ұрлағаннан кейін, Париж полицейлері оған іздеу салып "Джоконданың" 6,5 мың суретін түрлі газеттер мен журналдарға басып шығарады. Осы оқиғаға дейін қазір аса құнды туынды ретінде бағаланатын картина туралы ақпарат тек интеллигенттер ортасына ғана мәлім еді.
Бір қызығы, полицейлер бұған күдікті ретінде бірден Пабло Пикассоға да шыққан. Одан бірнеше мәрте жауап алған. Пикассо айтарлықтай сескеніп, осыған дейін ұрлаған бірнеше мүсінін өткізіп жібермек болады.
А. Оралқызы