- Негізгі бет
- Кино
- Мінсіз тандем. Антонио...
Мінсіз тандем. Антонио Бандерас пен Пенелопа Крус жаңа картинаға түседі
Аса талантты Педро Альмодовар жаңа фильм түсірілімін бастамақ.
Бір қуантатыны, оның картинасына авторлық фильмдер шеберінің музасы Пенелопа Крус қатысатын болды. Сондай-ақ, актерлік харизмасымен талай жұртты тәнті еткен Антонио Бандерас та жобаға арнайы шақыртылған. Үш бірдей нағыз испаниялық бірлесе жасаған фильмді көпшілік колоритті атмосферасы үшін асыға күтері анық.
Режиссердің айтуы бойынша, "Дерт пен атақ" (Dolor y Gloria) картинасы кинематография мен театрдағы шығармашылықты жеке өмірден ажыратуға тырысатын өнерпаздар жолындағы қиындықтар туралы әңгімелейді.
Антонио Бандерас, Педро Альмодовар, Пенелопа Крус
Фильм сюжеті El Deseo киностудиясынан басталады. Бұл – Педро Альмодовар туған бауыры Агустинмен бірге 1987 жылы негізін қалаған шеберхана. Өзіңіз байқап отырғандай, сценарийдің басым бөлігі автобиографиялық сипатқа ие. Басты рөлдерді, яғни, ағайынды режиссерлерді Антонио Бандерас пен Асьер Эчеандиа сомдайды. Әйелдер бейнесі Пенелопа Крус бен Хульета Серраноға бұйырған.
Картина Альмодовардың алғашқы махаббат, екінші рет сүйіспеншілік сезімін кешу, ана атану, өлім, 60-шы, 80-ші жылдар, қазіргі уақыт секілді ұғымдарға қатысты пікірін, ой-толғамын көрсетеді. "Дерт пен атақ" (Dolor y Gloria) фильмінің түсірілімі келесі айдың алғашқы жартысында басталады.
А. Оралқызы