- Негізгі бет
- Кино
- Менің әйелімнің «Күйеу...
Менің әйелімнің «Күйеу жігіті» бар
13 қыркүйек күні Meloman холдингі ұйымдастыруымен Алматы қаласындағы «Chaplin MEGA RealD» кинотеатрында «Күйеу жігіт» («Жених») фильмінің жабық көрсетілімі өтті, – деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Ресейліктер «Бәрі де ерлер жайында» комедиясының ізін суытпай, «Күйеу жігіт» комедиялық фильмін ұсынды. Мұнда да ерлер тақырыбы қозғалғанымен, қоғам сипаты, махаббат мәселесі басты назарда болады.
Фильм режиссері: Александр Незлобин
Сценарий: Александр Незлобин, Сергей Светлаков
Продюсер: Сергей Светлаков, Полина Арустамова, Александр Прокудин
Рөлдерде: Сергей Светлаков, Светлана Смирнова, Филипп Рейнхардт, Ольга Картункова, Дмитрий Никуллин, Наталья Паршенкова, Сергей Бурунов, Александр Демидов, т.б.
Адам сүйген жаны үшін, махаббаты үшін қандай қадамға бармайды?
Шекара асып, шетелге де кетеді. Өзге тілді де үйренеді. Ұнамайтын адамдармен де араласады. Қарсылас жігіттің мұрнын да бұзады. Жанына жат дінге бас иген болып та көрінеді. Сүйіктісінің бар қалауын біліп алып, көңілін табуға тырысады. Өзін барынша жақсы жағынан көрсеткісі келеді.
Алена есімді қыз осындай әрекеттерге барған Толя мен Гельмут атты екі азаматтың бірін таңдауы қажет. Бірі – «бұрынғы» күйеуі, екіншісі – жаңа жігіті. Қызығы сол, жаңа жігіті – Берлинде танысқан неміс. Ал оқиға 9 мамыр, Жеңіс күнімен тұспа-тұс келеді.
Орыс халқы Жеңіс күнін тойлап жатқанда қалыңдығына сөз салып, алып кетуге келген неміс жігіт ауыл адамдарымен танысады. Бұл шақта үй иесінің қызы кавказ жігітпен көңіл жарастырып, серуендеп жүреді. Осы кезде қызық басталады.
Әйелі мен оған бағынышты күйеуі үйде ит пен мысықтай болғанымен, біреу қарсы келсе, аяқ астынан қалай екі кеуде бір жүрек болғанын да байқамай қалады.
Қайықта отырғанда қызыңа жақпайтын сөз айтсаң не болады?
Шатырда отырған Кавказ жігітке төменге түсу үшін досы «бауыр ретінде» баспалдақ әкеле ме?
Моцарелланың арасына салынған екі караттық гауһары бар сақина басқа біреудің аузына, ары қарай асқазанына кетіп қалса қайтпек керек?
Ал жас кезіңде жігіт өзіңді сүйе ме, сүймей ме – қалай көз жеткізуге болады? Әрине, көпті көрген үлкендерден сұрау керек. Бірақ әркім өз заманына, жасына сай жауап қатады. Орта жастағы әйелдер барлық еркек оңбаған екенін айтса, егде әже «өлген кезінде түсінесің» дейді.
Комедияда қоғамдағы оқиғалар шынайы суреттеліп, орыс халқының дос түгілі жауға да адал, қайырымды екені көрсетіледі.
Сценарий жазушы жақсы жұмыс істеп отырып, соңына келгенде шаршап қалғандай әсер етеді. Фильмге бір рет барып, көңіл көтеріп келуге болады. Қыркүйектің 15 күнінен бастап барлық кинотеатрдан көрсетіледі.
@. @assel_assanova