7 наурыз күні Sulpak Cinema кинокомпаниясы, Lumiera Cinema (ЦУМ) кинотеатры және World Class Lite фитнес-клубы ұйымдастыруымен Мен арықтаймын фильмінің жабық көрсетілімі өтті. Режиссері: Алексей Нужный Сценарийін жазған: Николай Куликов, Алексей Нужный, Константин Майер Рөлдерде: Александра Бортич, Ирина Горбачева, Сергей Шнуров, Евгений Кулик, Роман Курцын, Александр Пташенчук, Елена Валюшкина, Валерия Дергилева, Андрей Трушин Ұраны: Өзің үшін ұялу жақсы Фильм тақырыбынан барлығы түсінікті. Ал трейлерін көргеннен кейін ешқандай интрига жоқ, сценарийі белгілі, фильмді көрудің қажеті жоқ деп ойлағандар қатты қателеседі. Мақсат фильм мазмұнын ғана білу емес, кульминацияға қалай жеткенімен танысып, мотивация алу. Мұнда тек салауатты өмір салты, артық салмақпен күрес, махаббат мәселесі ғана емес, отбасы жылулығы, әке мен ананың рөлі, олардың махаббаты жеткілікті болуы, достардың өмірдегі маңызы барлық тақырып қозғалады. Кондитерлік фабрикада қызмет ететін басты рөлдегі қыз жаңа торттар, тәттілер рецебін ойлап шығарады әрі тәтті көрсе өзін тоқтата алмайды. Осылай біраз артық салмақ жинап алғаннан кейін қанша тырысса да одан арыла алмайды. Фильм басталғаннан қызды жігіті тастап кетеді. Оны қайтарамын деп арықтау жолында барлығына барады. Бірақ нәтиже білінбейді, одан сайын көңілі құлази береді. Ашқарақтардың бірлестігінде де болады, өзінен де толық адамдардың ортасында өзін журналиспін, осы тақырыпта материал дайындап жүрмін деп таныстырады. Осы жерде тағдырын да кездестіреді. Әлбетте, бастапқыда оған бас бұрмай, мойындамай жүреді. Томпақ жігіт оған бір-бірімізге серік болайық, зиянды тағамдарды жегіміз келгенде бірімізге біріміз қоңырау шалып, қолдау сөздер айтып, ары қарай арықтауға талпындырып, демеп жүреміз дейді. Қыз оның сөздерін құлаққа ілмейді. Алайда ақырында осы жігіттің жігерлендіретін сөздерінен, өзгеше ойларынан мақсатына жетеді. Біздің тамақтану тәртібіміз кішкене кезімізден дұрыс құрылмаған. Бала кезімізде ата-анамыз тойғанымызды білмей, жаманнан жарты ас қалады деп көп жегізеді. Өмірің мына бәліш бөліктері сияқты. Мына бөлігі ата-анаң, мынау құрбың, мынау жігітің, мынау тамақ, ал мына бос орын әкең. Сен оны жоққа шығарып, махаббатын сезінбегендіктен өзіңді толық жақсы көре алмайсың. Сен мына алма сияқтысың. Өзіңді басқаларға осылай қып-қызыл, жақсы етіп көрсеткің келеді. Негізінде мынадайсың деп шірік жағын көрсетеді. Қыздың тренері әрі оққағары осы секілді ой түйерлік, тұжырым жасарлық ойларды тауып айтып, өмірге құлшындыра түседі. Қыз құрбысына үнемі Мені ешкім жақсы көрмейді, мен толықпын, мен өзіме ұнамаймын деп шағымданумен болады. Жігіті де бар, сырт келбеті де тартымды, өміріне риза сияқты көрінетін құрбысына да жетіспейтін нәрселер бар. Ол да соңында Мені кім жақсы көреді, мені кім сыйлайды деп күйінеді. Ал бұрынғы жігіті қызға қайта оралғанда Сені тастап кеткенім жақсы болды ғой. Есесіне қазір қандай әдемі, сымбатты болдың, бұл менің арқам дейді де, қыздан мынадай жауап алады. Мен үнемі саған ұнау үшін ғана тырысып, өзімді көп нәрседен шектегім келмейді. Ертең балалы болғаннан кейін сымбатым бұзылса, сен тағы да мені тастап кете ме деген қорқынышпен сүретін өмір маған керек емес деп қуып шығады. Осылай жігіт екі кеменің құйрығын ұстап, суға кеткеннің кейпіне түсіп, соңында жалғыз қалады. Ата-анасының бөлек өмірі, бөлек отбасы қыздың өзін-өзі бағалауына әсер ететінін көрсетеді. Олар да кіммен өмір сүрсе, жанындағы серігін де сол өмір қалпына бағыттайды. Фильм аяқталар тұста әкесі уәде бойынша фристайл билеп, күлкіге қарқ қылады. Фильмнің айтары көп. Өз-өзіңізді жақсы көре алмай жүрсеңіз, мотивация алатын себеп іздесеңіз, міндетті түрде барып көріңіз.