Мамору Хосоданың қызықты 5 анимесі

Режиссёр Мамору Хосода әрдайым отбасылық қарым-қатынас, есею, өзін-өзі тану тақырыбында анимелер түсіреді. Бүгін оның көруге тұрарлық толықметражды 5 анимесін ұсынамыз

"Уақытты бағындырған бойжеткен"
"Toki o kakeru shojo"
"Девочка, покорившая время" 
(2006)

Он жеті жастағы Макото – көп ешкімнің көзіне түсе бермейтін қарапайым оқушы. Ол өте нашар оқиды, оның үстіне кез келген түймедей нәрсені түйедей етудің шебері. Болашақта немен айналысатынын білмейді. Бір күні бойжеткен велосипедпен үйге қайтып келе жатып апатқа ұшырады. Тежегіші жасамай қалған Макото пойыздың астына түседі. 

Ол қатты жылдамдықпен кенет тоқтаған велосипедтен ұшып бара жатып, өмірмен ойша қоштасып үлгереді. Бірақ көзін ашқан сәтінде ешқандай соқтығысудың болмағанын аңғарады. Осылайша ол уақытты басқара алатын ерекше қасиетке ие екенін түсінеді. Дегенмен уақытпен ойнауға болмайды. Кішкентай өзгерістің өзі болашаққа үлкен әсерін тигізуі мүмкін. 

"Жазғы шайқас"
"Sama uozu"
"Летние войны"
(2009)  

2017 жылы жапон киноакадемиясы анимені үздік мультфильм деп таныды. Картинада екі түрлі әлем көрсетіледі: шынайы және виртуальды. Виртуалды әлемді "Оз елі" деп атайды. Ол жерде кез келген адам өзінің ойын әлеміндегі өмірін сүре алады. Жоғары сынып оқушысы, математик Кэндзи – сол әлемдегі модераторлардың бірі. 

Кэндзидің өміріндегі сәтсіздіктер сыныптасы Нацуки әжесінің мерейтойына шақырған кезде басталады. Алдымен бойжеткен оны туыстарына сүйіктісі әрі болашақ жары деп таныстырады. Кейін отбасылық жанжалдың куәгері болады. Ең ақырында өзінің қателігі кесірінен "Озды" бұзған қылмыскер атанады. Енді бүкіл Жапония оны іздеу жұмыстарын жүргізе бастайды.  

"Бөрі балалары Амэ мен Юки"
"Okami kodomo no Ame to Yuki"
"Волчьи дети Амэ и Юки"
(2012)

Студент Хана келбетті жас жігітпен танысып, оған қашық болады. Сүйіктісі болса жартылай адам, жартылай қасқыр. Олар отбасылы болып, өмірге Амэ есімді ұл мен Юки атты қыз баланы алып келеді. Бір күні отағасы қайғылы жағдайдан кейін үйге оралмайды. Жалғыз қалған Хананың негізгі мақсаты – жартылай қасқыр балаларын аман-есен жетілдіру. Сол үшін ол қалалық аймақтан ауылға көшіп кетеді.

"Құбыжықтың шәкірті"
"Bakemono no ko"
"Ученик чудовища"
(2015)

Бұл картинада ата-ана мен бала қарым-қатынасы тақырыбы көтеріледі. Бұл жерде де екі әлем болады. Бірі параллель әлем, ол жерде құбыжықтар мекендейді. Олар әскери өнермен айналысады. Солардың бірі – үлкен аю. Ол Токио көшелерінің бірінен жетім Ренді кездестіріп, оған өз шәкірті болуға ұсыныс жасайды.  

Рен болса, анасының қазасынан кейін туыстарымен тұрмау үшін қашып кеткен болатын. Үлкен қаланың түнгі көшесі бала үшін қауіпті. Аюдың артынан ерген ол жаңа өмір бастайды. 

"Болашақтан келген Мирай"
"Mirai no Mirai"
"Мирай из будущего"
(2018)

Мамору Хосоданың бұл анимесі 2019 жылы оскардан номинанттарының бірі болған еді. Бұл жерде отбасылық байланыс, соның ішінде аға мен қарындас арасындағы қарым-қатынасты көрсетеді. Бас кейіпкер – төрт жасар Кун. Жақында оның сіңлісі Мирай дүниеге келді. Кун оған аса қуана қоймайды. Себебі, ата-анасы енді қарындасына көбірек көңіл бөледі. 

Бір күні ол қарындасын жылатып қояды. Сол үшін ұрыс естіп алған ол ренжіп, ауланың сыртына қашып кетеді. Ең қызық сәттер сол кезде басталады. Отбасылық ағаштың астынан түрлі адамдар шыға бастайды. Соның арасында Мирай да бар. Бірақ ол жылауық, кішкентай Мирай емес. Бойжеткен Мирай.