25 қыркүйек күні "Мега" сауда орталығында "Махаббатым жүрегімде" телехикаясының екінші маусымының алғашқы сериясы БАҚ өкілдеріне көрсетілді, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
"Балық/G balik" ресторанында "Махаббатым жүрегімде 2" телехикаясының режиссері, продюсері және басты рөлдерді сомдаған актерлерімен БАҚ өкілдеріне арнап пресс-конференция өтті. "Хабар" агенттігі ұйымдастырған пресс-сұхбатта жас режиссер Ерлан Нұрғалиев, фильмнің продюсері, актрисасы Баян Есентаева, басты рөлдерді сомдаған Тәуекел Мүсілім, Жанар Дұғалова мен Гүлнәз Жоланова біздің сұрақтарға жауап берді.
"Махаббатым жүрегімде" телехикаясының бірінші маусымына Асқар Ұзабаев жетекшілік еткен еді. Ал екінші маусымына Ерлан Нұрғалиев режиссер болды. Ерлан: "Мен алғашқы маусымды қараған едім, ол менің ойымша, тыныш, байсалды болды. Ал мен екіншісіне қызу элементтер қосқым келді. Нәтижесінде бұл бөлімі динамикалы, тірі, тіпті, агрессивті шықты деуге болады. Сериалдың екінші маусымында төбелес, атыс, өлтірулер көп" деп өз пікірімен бөлісті.
Баян Мақсатқызы сериал басталмай тұрып, Асқар Ұзабаевпен бірге актерлерді таңдау кезінде Гүлнәзді басты рөлге бекітуді жөн көргенін айтып, қазір Жоланованың жақсы актриса ретінде мансапта көтеріліп келе жатқанын атап өтті. Гүлнәз Жоланова: "Мен үшін бірінші маусымда бала туу, ана болу эпизодтары қиынға соқты. Режиссер маған бір апта баламен отырып, ананың рөлі қандай болуы керектігімен танысуымды тапсырды", - деп бөлісті.
Тәуекел Мүсілім телехикаяның барлық эпизодтары оңай емес екенін айтып, үлкен тәжірибе болғанын айтты. Сонымен қатар біздің "Мүгедек рөлін ойнау қаншалықты ауыр болды?" деген сұрағымызға "Бұл рөлді ойнамас бұрын мүгедек адамды сомдаған актерлердің ойынын бақылау үшін бірнеше фильм қарап, соларды келтіруге тырыстым. Расында бұл қиын болды. Жалпы сериалдың бірінші маусымында көп қателік жібердім. Тіпті, мен көрген екінші маусымның бастапқы эпизодтарындағы ойынымда да бірнеше қате көріп, әттеген-ай дедім" - деп, күлді.
Жанар Дұғалова өзінің актрисалық арнайы білімі бар екенін атап өтіп, сериалдағы ойынын сомдау кезінде рөлге толықтай кіріп, бар жанымен берілетінін айтты. Актриса әрі әнші Жанар: "Мен үшін баланы жоғалту эпизоды ауыр болды. Мен мұндай оқиға болатынын білгенде сериалдың екінші маусымында ойнағым келмегені де бар. Бір жаманы, мен ойнаған рөліме толықтай берілемін. Сол рөлді сіңіріп, ойнап шығамын. Ал мен әлі тұрмыс құрмағанмын, ана болған жоқпын. Сондықтан баласынан айырылған ана рөлін сомдау жүрегіме қатты тиді. Өмірде мұндай оқиға басымнан өтпесе екен деп тілеймін", - деп ағынан жарылды.
Жаңа телемаусымда қазақстандық көрермендердің көпшілігіне ұнап қалған «Махаббатым жүрегімде» мелодрамасы жалғасады. Тәуекел Мүсілім, Гүлнәз Жоланова, Жанар Дұғалова және Нұрлан Төреханов өз рөлдеріне қайтып оралады. Актерлер қатарына әнші Дастан Оразбеков пен Кәмшат Жолдыбаева қосылды.
Екінші маусымның сюжеті бір-біріне жау отбасылардан шыққан екі басты кейіпкердің махаббат драмасымен байланысты. Олардың алдында қиын сұрақ тұр: «Өмірдің ауыртпалықтарын тарта отырып махаббат пен отбасыны сақтап қалуға бола ма?». Әр кейіпкер түрлі қиындықтарға ұшырайды, түрлі ауыр шешімдер қабылдауға тура келеді.
"Махаббатым жүрегімде" сериалын 30 қыркүйектен бастап «Хабар» арнасынан аптаның дүйсенбі мен бейсенбі күндері аралығында сағат 21.30-да көре аласыз.