- Негізгі бет
- Кино
- Ләйлә Сұлтанқызы: Ла-ла...
Ләйлә Сұлтанқызы: Ла-ла ленд
«City of stars
Are you shining just for me?»
Махаббат. Романтика. Джаз. Арман. Бұл – Ла-ла ленд. Киноны көрмегендерге ескерте кетейін, жазба – спойлер.
Кино режиссері әрі сценарий авторы – Дэмьен Шазеллге орнымнан тұрып, қошемет көрсетіп, басымды игім келеді. Ностальгия. Сағынған және сағындырған сәттерді қайтарып берді. Кинотеатрдан шыққан әрбір үшінші адам «City of stars, аre you shining just for me?» деп әндетіп жүргеніне бәстесе аламын! Мен басты рөлдегі Себастьян (Райан Гослинг) сияқты ретроград немесе ретрофан емеспін. Бірақ сапасы мен салмағы жоғалмайтын ескілікті жаным сүйеді. Қазіргі сатылымдағы кинокартиналар бірізділікке: атыс-шабыс, космос, виртуалды әлем, адаммен айқасқан роботтар, бір-бірімен соқтығысып, орын алмасқан ғаламшарлар, қысқа қайырғанда әркім қиялы жеткен болашақты жасап әлек. Шынымызды айтсақ, мұндай шоқалағы көп дүниелерден миымыз шаршады. Ал «Ла-ла ленд» уақытында келді деуге болады. Өз өмірінің, тағдырының қарбаласынан қашқысы келген көрерменге керек демалысын сыйлай алды. Мұны мен ғана емес, әлемнің киносыншылары мойындады. Жай мойындап қана қоймай, өз рөлдерін жоғары кәсібилікпен ойнап шыққан Эмма Стоун мен Райан Гослингке «Алтын Глобус» берді. Ең негізгісі – кинотуынды жүлденің басты лауреаты атанды. Енді көрермен мен шығармашылық топ «Оскарға» үміткерлердің тізімін күтуде.
Джаздың нәзік иіріміне иілген саусақтар фортепианоның емес жүректің пернесін басқандай. Бұл кинода жай ғана арман емес, үлкен мәдениет бар. Би мәдениеті, музыка мәдениеті, өнер мәдениеті. Нәзік, жұмсақ кадрлар жай ғана демалуға көмектеседі. Жүйке жүйеңізді қыспаққа алып, деміңізді ішіңізге тартып, орынсыз қобалжуды қажет етпейді.
«Ла-ла лендтен» режиссерлік шеберліктің шыңын көрдім. Әр бөлігінің бөлшегіне дейін, әрбір қимыл дәлдікпен өлешеніп-пішілген. Флешмобты 100-ден аса көлікпен жол бойындағы кептелісте орындау – керемет көрініс. Киім, стиль, би – бәрі-бәрі жарасымды. Кемшілік таппайсыз. Анайы картиналардан ада. Күлкі де бар.
Жоғардағының бәрі алған әсерім ғой. Үйге келген бойда кинокартинада орындалған әндерді іздедім. Сосын мына қызықты ақпараттарға кездестім. Ендеше сіздермен де бөлісе кетейін. Жалпы не нәрсені де бөліскен жақсы ғой. Әсіресе, кез келген тақырыпта жастардың ауыз жаппай, тайсалмай талқыға түсе алатындығын жақсы көремін. Сондықтан, бұл ақпаратты да біліп жүргеніңіз артық етпес.
Алғашқыда киноның басты рөлдері Эмма Уотсон мен Майлз Телларға ұсынылған екен. Бірақ олар өзге фильмдерге түсуді жоспарлаған. Кинода Райан Гослинг фортепианода көз ілеспес жылдамдықпен тамаша ойнап шығады. Мұндай дәрежеге аптасына 6 күн бойы 2 сағаттық дайындықпен жеткен. Түсірілім үшін Лос-Анджелеске жақын жолды жапқан екен. Алайда үкімет жолды тек демалыс күндері жабуға рұқсат бергендіктен,100 биші бір ғана дубльмен түсіріп шығу үшін бірнеше апталап дайындалыпты. Соның нәтижесінде кептеліс үстіндегі би бір ғана дубльмен шыққан. Қол соғатын еңбек!
Адам болған соң арман көп. Бірақ асқақ арман біреу, жарайды екеу делік. Бірақ одан көп емес. Бұл кинода да сол арманға жетудегі жолдың тегіс асфальт емес екенін көрсетеді. Арманыңды алу үшін, қымбатыңды құрбан етуің керек. Сен оған дайынсың ба, жоқ па?! Оған қарап жатқан тағдыр жоқ. Таңдау сенде. Дер кезінде қадам жасамасаң, кетеді де қалады... Киноның соңын бір тамшы жаспен аяқтадым. Өкінішті. Жылдар бойы аңсағанына жету жолында шынайы махаббатын құрбандыққа шалды. Арман атақты бергенімен, бақытты бере ме?! Махаббат бақытты еткенімен, арманды ұмыттыруға қауқарлы ма?!
«Жұлдыздар қаласы, сен тек мен үшін жарқырайсың ба?!». Ән де, би де баурап алады. Жүйкеге жеңіл. Жүрекке жұмсақ. Бір сәтке барлық ойдан арылуға әсер етеді. Экранның ішіне еніп кеткендей күй кештім. Тіпті, айналамды, өмірдегі орнымды, тұрмыстағы мәселені, күнде қайталанатын біркелкі көріністі ұмыттым, шеңберінен шықтым. Сіз де сондай әсер іздесеңіз екі-ақ мың теңгеңізді қиып, жақсы көңіл-күй алып қайтуыңызға кеңес беремін. Осындай туындылар көп болсын!
Г. Берік