- Негізгі бет
- Кино
- «Ла-Ла Ленд» неліктен...
«Ла-Ла Ленд» неліктен «Оскарға» лайық емес?
«Оларда жарты қасық та дарын жоқ»
Рекс Рид. The Observer
Естеріңізге сала кетейік, кеше болған «Оскар» кинопремиясы рәсімінде «Үздік фильм» номинациясы үшін берілетін мүсін «Айдың жарығы» фильмінің орнына «Ла-Ла Ленд» мюзикл фильмінің түсіруші тобына табысталған болатын.
Эмма Стоун мен Райан Гослинг ойнаған Дэмьен Шазеллдың «Ла-Ла Ленд» мюзиклі бірден 14 номинация бойынша ұсынылып ең беделді шараның рекордың жаңартқан еді. Әрине, мұндай жетістік фильмнің негізгі фаворит атануына тікелей байланысты. Алайда, «Ла-Ла Лендті» «Оскарға» лайық деп таппады.
Осыған орай, жылдың ең көп талқыланған фильміне қатысты ең көп айтылған пікірлер тізімін ұсынамыз. Қабыл алыңыз, оқырман.
Сонымен, не себепті лайық емес?
Ерекшелік жетіспейтіні үшін
«Ла-Ла Ленд» фильміне қатысты ең көп айтылатын негативті пікір The New Yorker парақшасында пайда болды. Бұл пікірдің авторы - кезінде Франсуа Трюффо мен Жан-Люк Годардың фильмдерін бастан-аяқ талдап шыққан Ричард Броуди. Ол фильмге ерекшелік жетіспейтінін және тым жасанды шыққанын атап көрсетті: «Шазелл маньеризм мен ескі шаблондарға еліктейді. Осының кесірінен өзіне тән ерекшелік пен аталған стильге тән көзі ашып-жұмғанша орын алып үлгеретін жылдам өзгерістер көркемдігін жоғалтып алған».
Броудидің пікіріне беделді америкалық сыншы Рекс Рид те қосылады: «Мен «Ла-Ла Ленд» фильмінен қиял да, жаңалық та көрмедім. Бұл байғұс Бендж Пасек пен Джастин Полдың нашар өлеңдерінен озық боламын деп әлек». «Ла-Ла Ленд» фильміне арналған әндерді жазған осы екі музыкант болатын.
Райан Гослинг пен Эмма Стоунның әнсымақтары мен бисымақтары үшін
Фильмге байланысты негативті пікірдің ең көп бөлігі Эмма Стоун мен Райан Гослингтің адресіне айтылды. Нақтырақ айтсақ, олардың ән айту және билеу қабілеттеріне қатысты. «Райан Гослинг мүлдем ән айта алмайды, ал Эмма Стоун болса Сид Чарисстің (40−50-ші жылдардағы америкалық балерина және актриса) шаңына да ілеспейді. Гослинг ән айта бастаған кезде амалсыз мұрныңды тыржитуға тура келеді. Оларда жарты қасық та дарын жоқ», — депті Рекс Рид The Observer-де жарық көрген пікірінде. Refinery29 журналисі Ребекка Фарлидің айтуынша, Гослинг пен Стоунды басты рөлдерге тағайындаудың басты себебі – көбірек билет өткізуді мақсат тұту. «Олар керемет әртістер, бірақ әнші ретінде тым нашар. Стоун Бродвейдің «Кабаре» мюзиклінде ойнаған кезде, оның дауысы туралы жақсы пікір айтылмайтын»,-деп жазыпты Фарли.
Джазға немқұрайлы қарағаны үшін
«Ла-Ла Ленд» фильміндегі негізгі оқиға Гослинг кейіпкері Себастьянның джазды жоғалып кетуден құтқару ниетінен туындайды. Бірақ, кейбір сарапшылар пікірінше, фильм режиссері Дэмьен Шазеллдің джаздан еш хабары жоқ болып шықты. «Ла-Ла Лендтің» джаз әлемінде не болып жатқанынан хабары жоқ» деген атаумен жарық көрген мақала танымал сыншы Сив Чамберске тиесілі. Ол былай дейді: «Гослинг сомдаған басты кейіпкер джаздың 60-жылдардағы үлгісін құтқарамын деп әлек. Бірақ джаз музыканттары «джазды құтқарудың негізгі жолы — консерватизмнен құтылу» деген пікірді ұстанады».
Нәсілдік теңсіздік үшін
«Ла-Ла Ленд» фильмін нәсілдік теңсіздік үшін айыптаушылар саны аз болмады. «Джазды ойлап тапқан қара нәсілділер, ал мұнда ақ нәсілді сол джазды құтқарамын деп әлек болғаны қалай? Кешіріңіз, бұл сюжет ойға қонбайды», - деп жазды композитор Ростам Батманглидж өзінің Twitter парақшасында. MTV News арнасы да музыкант пікіріне қосылатынын мәлімдеді: «Егер сен еш қиындыққа қарамай джаз құндылықтарына адалдық сақтаған адам туралы фильм түсіргің келсе, ол музыкант қара нәсілді болуға міндетті».
Сіздің алып-қосарыңыз бар ма?
А. Оралқызы