"Қызметтестер хикаясы" - шынайы өмір бейнеленген фильм

"Қызметтестер хикаясы" - шынайы өмір бейнеленген фильм

Талантты режиссер Эльдар Рязанов түсірген екі сериялы «Қызметтестер хикаясы» көркем фильмінің жарыққа шыққанына биыл 35 жыл толып отыр. Экранға шықпас бұрын бұл оқиға саханада қойылды. 1970 жылы жазылған Эмиль Брагинский мен Эльдар Рязановтың «Әріптес» пьесасы көрермен қауымның көңілінен шығып, үлкен сұранысқа ие болды. Осыдан кейін пьеса авторлары бұл оқиғаны ел назарына үлкен фильм ретінде ұсынуды жөн санады.

Статистика басқармасының қатардағы қызметкері Анатолий Ефремович Новосельцев жалғызбасты әке, қарапайым әрі момын жан. Ол бөлім бастығының орынбасары болуды көздегенмен, жұмысқа орналасу ретін таба алмайды. Оған ескі досы Самохвалов жаңа басқа қызметке ауысу үшін мекеме басшысы тұрмыс құрмаған Людмила Прокопьевна Калугинаға көз қырын тастау керектігін айтып, кеңес береді. Калугинамен жақынырақ танысқаннан соң, оның болмысы мен жанын түсіне бастайды.

Бұл мекемеде Новосельцев пен Самохваловпен бірге оқыған Ольга Петровна Рыжова жұмыс істейді. Рыжованың Самохваловқа деген жас кезіндегі болған сезімдері оянып, ол оған сезімге толы хаттар жазады.


Мекеме қызметкерлерінің барлығы бұл хикаяларға куә болады. Рыжова Самохваловқа хат жазуын доғарады. Ал Калугина мен Новосельцев арасындағы қызмет бабымен болған хикая кең етек жайып, фильм соңы екі жақтың қол ұстасуымен аяқталады.

«Қызметтестер хикаясы» фильмінде бір мекемеде қызмет атқаратын жандардың бір-біріне деген қарым-қатынастары ғана емес, олардың әлеуметтік деңгейлері шынайы бейнеленген.

Фильм жарыққа шыққан бойда оны 58 миллион көрермен көріп, жоғары бағалады. 1978 жылы ағайынды Васильевтер атындағы мемлекеттік сыйлығын иеленіп, аталған жылдың үздік киносы болып танылды.

Қызықты мәліметтер:

Эльдар Рязанов басты кейіпкер Калугина рөлін сомдауға еш байқау-сынақтарсыз Алиса Фрейндлихті алды. Ал «Тағдыр тәлкегі немесе Жеңіл буыңызбен» фильмінде басты рөлді сомдаған Андрей Мягковты режиссер көрермендерге басқа қырынан таныстыруды көздеді. Сценарий бойынша, хатшы Вера бойы ұзын, сәнқой жан болуы керек еді. Алайда, ол рөлге бекітілген Лия Ахеджакова бойының аласа болғанына қарамастан, сәнқой хатшының бейнесін тамаша сомдап шықты.


Фильмдегі мекеме ғимаратын көрсету үшін Мәскеудегі ірі үш ғимаратты жан-жағынан түсірген болатын. Ал мекемедегі жұмыс орындары мен кабинеттер Мосфильм павильондарында түсірілген.

Басты кейіпкерлердің бас қосатын «романтикалық кеші» екі актердің шеберлігін көрсетті. Себебі, бұл кадр толық импровизациялық ойындардан құралған.


О баста фильм үш сериядан тұратын. Алайда, кейбір кадрлар сыннан өтпеген соң, фильм екі серияға қысқартылған.

Көпшілікке 35 жыл бұрын жол тартқан шынайы өмірден сыр шертетін комедиялық фильм әлі күнге дейін көрермендердің ыстық ықыласына бөленуде. Фильмде шырқалған әндер бұл күнде жас орындаушылардың шығармашылығынан орын алса, сүйікті кейіпкерлердің сөздері күнделікті өмірде кеңінен қолданылып жүр.

Суреттер: webzametki.com, www.sl-roman.ru 

Ғ. Ұзақ