Бос уақытыңызды қалай пайдалануды білмейсіз бе? Жайлы орын дайындап, жылы көрпе алып, фильм көруге әзірленіңіз. Бүгін біз сіздерге фильмдер топтамасын ұсынамыз.
Бүгінде «не көремін?» деген сұрақ актуалды сұрақ емес, ғаламторды ақтарсаң, сан түрлі қызықты ұсыныс шығады. Алайда фильмдер барлық адамға бірдей ұнамды деп айта алмаймыз. Сондықтан бұл материалда қыз-келіншектерге фильмдер топтамасын ұсынамыз.
Әйел заты «жылауық» фильм көргенді ұнатады деген ұғым шындыққа жақын. Бірақ қыз-келіншектер тек драмалы фильмдерді көреді деген қате.
«Titanic» (Титаник)
Аталған фильм әлемде ең танымал кино туындысы екені бәрімізге мәлім. 1997 жылы шыққан бұл фильмнің басты рөлдерін сомдаған актерлерін күні бүгінге дейін «Титаник» атымен бірге айтады. Сұмдық оқиға, жас махаббат, екі түрлі өмір өкілдері, мұның бәрін астастыра бейнелеген фильмді қайталап көрмеуге болады ма?
“8 femmes” (8 әйел)
Кім айтты әйел заты детективтен алшақ деп?! Керісінше, ер адамның көзі жетпеген нәрсені әйел көздің қиығымен-ақ байқап қалады. Бұл француздық фильмнің сюжеті көрерменді ойландыратыны рас. Үйдің иесі өз бөлмесінде өлі қалпында табылады. Телефон істемейді, көлікті біреу бұзып қойған. Үйде сегіз әйел адам бар, оның бірі – қылмыскер! Үрейі ұшқан олар бір-бірін тергеуді бастайды. Кім өлтіруші? Фильм соңында ақиқат ашылады...
«Gone With The Wind» (Жел жоғалтқан)
Ресей прокатында «Унесенные ветром» атауымен танылған бұл туынды аңыздық фильмге айналды. Махаббат, соғыс, рухтың күші туралы хикая көрерменді риза ететініне күмәніміз жоқ.
«Jeux d'enfants» (Балалық ойыны)
Бұл фильм Ресейде «Влюбись в меня, если осмелишься» атауымен танылған еді. Өмір бойына созылған махаббат хикаясын әсерлі бейнелеген бұл фильмді көрдіңіз бе? Бала кезіндегі ойынды ересек шағында жалғастырған екі адамның бұл әрекетінің арты неге апаратынын білгіңіз келе ме? Онда фильмді көріп, алған әсеріңізді пікірге қалдырып отырыңыз.
«Bridget Jones’s Diary» (Бриджит Джонс күнделігі)
Нағыз әйел затына арналған фильм. Бриджит артық салмақ үшін уайымдап, калорийлерін санап жүретін қыз. Күндердің күнінде ол ғашық болады. Бұл кейіпкерді бақылай отырып, біз өзімізді танып қаламыз. Кез келген қыз өмірінде қателік жасайды, әр қыздың дерлік жүрегі бір рет те болсын жараланған еді, алайда, біз дем алып, еңсемізді көтеріп, ары қарай өмір сүруге талпынамыз. Ақырында бақытқа да қолымыз жететіні анық. Бұл фильмді көрмей өтпеңіз!
«P.S. I love you» (постскриптум, мен сені сүйемін)
Дүниеден кетер алдында сүйікті әйелінің қамын ойлап, күйеуі бірнеше хат қалдырады. Олардың ішінде ол келесі әрекеттерді тізіп отырады. «Ана дүниеден» келген хаттардың арқасында жас келіншек жұдырығына күш жинап, жастықтан басын айырып, өмірін жаңадан бастайды. Көрерменнің көңілінен шығатын, қатты әсер беретін бұл фильм әлем бойынша мойындалған, әрі сүйікті кино туындыларының біріне жатады. Сіз көрдіңіз бе?
Сурет: content.ru