Қазақ киносының төл туындыларының бірі «Қыз Жібекке» - 45 жыл. Тарихи мерейтой Жібектің Отаны Ақжайықта болды. Даңқты махаббат дастанының желісімен дүниеге келген «Қыз Жібек» кинофильмінің мерейтойы тұңғыш рет Жібектің тарихи Отаны – Ақ Жайықта өтті. Әйгілі фильмде басты кейіпкерлерді сомдаған КСРО халық әртісі, Мемлекеттік сыйлықтың иегері Асанәлі Әшімов, Қазақстанның халық әртісі, «Парасат» орденінің иегері Құман Тастанбеков пен Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі, «Құрмет» орденінің иегері Меруерт Өтекешева қатысты.
Өшпес мұра «Қыз Жібек» жырының желісімен түсірілген Сұлтан Қожықовтың «Қыз Жібек» көркем фильмі қазақ киносының алтын қорына айналды. 1968-1970 жылдары түсірілген «Қыз Жібек» көркем фильмінің тұсауы 1970 жылы Алматы қаласындағы «Целинный» кинотеатрында кесілген болатын. Бүкілодақтық тұсау кесері 1971 жылы Мәскеу қаласында өтті. Фильм сценарийін жазған Ғабит Мүсірепов Жібек пен Төлегеннің махабаттын ғана жазып қоймай, ел-жұртты бірлікке шақырып, қазақ халқының әдет-ғұрпы мен салт-дәстүрді көрсетуге ұмтылған. Фильм музыкасын саз сайыпқыраны Нұрғиса Тілендиев ұлттық нақышқа келтірсе, ән өлеңдерін Қадыр Мырза Әлі жазған.
Қызықты мәліметтер
Фильмді түсіру жұмыстары Семей, Көкшетау, Ақтау өңірлері мен Алматы облысының сол кездегі Күрті ауданында, Жаркент маңында, Іле өзенінің жағалауында жүргізілген.
Басты кейіпкер Жібек рөліне лайықты бойжеткенді табу мақсатында 1968 жылы 1 қаңтарда «Лениншіл жас» (қазіргі таңда «Жас Алаш») газетіне хабарландыру жарияланады.
Төлегеннің ақсауыты мен Жібектің бүрмелі көйлегі бұл күнде «Қазақфильм» мұрағатында сақтаулы.
Бішкек қаласының хайуанаттар бағынан киноға түсіру үшін арнайы аққулар әкелінген.
Түрлі себептермен киноның 500 метрлік лентасы қиылған. Түпнұсқада фильм ұзақтығы 3 сағаттан асады.
Фильмге сегіз, он, он алты қанатты жалпы саны отыздан асатын киіз үйлер арнайы тігілген.
Фильмнің бас суретшісі Гүлфайруз Ысмайылова киноны көркем безендіру үшін мың жарымнан астам эскиз жасаған екен.