«Қас сегіздік/ The Hateful Eight» - әйгілі Квентин Тарантиноның болашақ вестерны. Квентин бұл фильмге жетекшілік етумен қатар сценарийін де өзі құрды. Актерлік құрамға Курт Рассел, Дженнифер Джейсон Ли, Сэмюэл Л. Джексон, Майкл Мэдсен, Тим Рот, Уолтон Гоггинс, Демиан Бишир, Брюс Дерн мен Ченнинг Таттум кіреді.
2013 жылдың қарашасында Тарантино вестерн жанрындағы жаңа туындыны қолға алғанын және оның алдыңғы түсірілген «Еркіндік алған Джанго» фильмімен еш байланысы жоқ екенін мәлімдеді.
2014 жылдың 12 қаңтарында фильмнің ресми атауы «The Hateful Eight» деп бекітілді. Көп ұзамай фильмге түскен бір актердің менеджері кесірінен сценарий халыққа белгілі болды. Квентин бұған ызаланып, туындыны түсіруден бас тартты. Оның айтуы бойынша, фильм сценарийі тек Мэдсон, Рот пен Дернде болған.
2014 жылдың мамырына жақын Тарантино сабасына түсіп, фильмге 2 жаңа қорытынды жазып, жобаға қайтып оралды. Қараша айында Ченниг Таттумға басты рөлдердің бірі ұсынылды.
2015 жылдың қаңтарында бас актерлік құрамға Джеймс Паркс, Дэна Гурье, Зои Белл, Джин Джонс, Кит Джефферсон, Ли Хорсли, Крейг Старк пен Белинда Овино атты актерлер қосылды.
Фильмнің түсірілімі Теллуридо, Колорадода 2015 жылдың 23 қаңтарында басталды.
Алғаш рет фильмнің трейлері «Күнәлар қаласы 2» фильмінің кинотеатрдағы сеансынан кейін көрсетілген еді. Ал ғаламторға трейлері де, фильмнің кадрлары да жарияланбаған.
Фильмнің сюжеті бойынша, азаматтық соғыстан кейін бірнеше жыл өткен соң Джон Рут (Курт Рассел) атты адам ұстаушы Дейзи Домерг (Дженнифер Джейсон Ли) атты қызды тұтқындап Ред-Рок қаласына, сотқа алып бара жатады. Жолда олар атақты адам ұстаушы Маркис Уоррен (Самюэл Л.Джексон) атты майор мен өзін қаланың жаңа шерифі деп таныстырған Крис Мэнникс (Уолтон Гоггинс) есімді қашқынмен танысады. Енді төртеу болып қалаға қарай беттейді. Кенеттен соққан дауылдан бір жерде тығылып отырғанда Боб (Демиан Бишир), Ред-Роктың баскесері Освальдо Мобрей (Тим Рот), малшы Джо Гейдж (Майкл Медсен) пен конфедераттар генералы Сэнфорд Смитерс (Брюс Дерн) атты 4 бейтаныс адамды кездестіреді.
Квентиннің фильмдері әрқашан өз көрермендерін табады. Бұл фильмді де асыға күтіп жүрген адам баршылық. Фильм сюжетінің басы ғана белгілі болғандықтан, жалғасы қалай болары және немен аяқталатыны жұмбақ. Бастапқы сценарий байқаусызда жарияланып қалғаннан кейін Квентин фильмнің трейлерін ұзақ уақыт шығармауды және басты кадрларды жарияламауды ұйғарды.
Фильмнің бюджеті 44 миллион АҚШ долларына тең. Алғашқы көрсетілімі 2015 жылдың 13 қарашасына белгіленген.