- Негізгі бет
- Кино
- Күзден комедия күтіңіз!...
Күзден комедия күтіңіз!
Алматы қаласында «РОМКОМ. Холостякам тут не место» атты комедияның дубляждық жұмыстары жүріп жатыр. «AiN ENTERTAINMENT» компаниясының тапсырысы бойынша фильмді орыс тіліне дубляждауды «Cinema Tone Pro» студиясы өз мойнына алып отыр.
«Бұл біздің «Cinema Tone Pro» компаниясымен бірлесе жасап отырған екінші жұмысымыз. Осы жылдың көктемінде ұсынған «Коктейль» атты алғашқы фильміміз өте сәтті шықты. 2013 жылдың күзінде қазақстандық көрермендерге «РОМКОМ. Холостякам тут не место» комедиясын көрсететін боламыз» - деді «AiN ENTERTAINMENT» компаниясының өкілі.
«РОМКОМ. Холостякам тут не место» фильмі нағыз ер жігіттің достығы, әйел ынтымақтастығын, қызғаныш пен қорқынышты, құлшыныс пен нәзіктікті,бәрін айт та, бірін айт ұлы махаббатты паш етеді.
Идеалды қарым-қатынастарға бару үшін ең батыл, ең қауіпті, тіпті ессіз қадамдар жасайтын ханымдар бейнесін осы фильмнен көре аласыз. Әйелдің құпия, тұңғиық жанына үңіліп көрмек болған ер азаматтарымыздың адасып кетпеуі үшін жолбасшы бола алатын фильм «Әйелдер сонымен нені қалайды?» деген сұраққа жауап іздейді. Келбеті көз тартар кейіпкерлер, етене таныс және кенеттен болатын оқиғалар – барлығы да «РОМКОМ. Холостякам тут не место» комедиясында көрініс табады.
«Cinema Tone Pro» студиясының директоры, дубляж режисері Илья Бисеров: «Дубляж жұмыстарына барлық күшіміз салудамыз. РОМКОМ. Холостякам тут не место» – өте көңілді картина. Кейіпкерлер де қызықты әрі күлкілі ойнап шыққан. Сондықтан дауыстарды асқан ұқыптылықпен таңдап жатырмыз. Кастинг әлі де тоқтаған жоқ. Жеті кейіпкердің үшеуін ғана бекітіп үлгердік. Мұнан өзге екінші дәрежелі рөлдер бар, бағын сынап көргісі келетіндерді шақырамыз» - дегенді айтып отыр.
Фильм режиссері – Эрол Озлеви, продюсері – Мурат Токтат, сценарий авторы – Аслы Зенгин, Джерен Аслан, операторы – Джеймс Гуччардо. Басты рөлдерді сомдайтын актерлер қауымымен таныс бола кетіңіз. Олар: Синем Кобаль, Энгин Алтан Дузятан, Седеф Авджи, Джемаль Гюнал, Бурджу Кара, Гюрген Оз.
«РОМКОМ. Холостякам тут не место» фильмінің премьерасы осы жылдың басында Түркияда, Германияда, Ұлыбританияда өтті. Ең алғашқы аптада фильм өз отанынла 3 млн. доллар жинап, 2013 жылғы үздік бестіктің қатарына енді.
Әлем мойындаған фильм қазақстандық прокатқа 2013 жылдың 17 қазанында шығатын болады. Күзден комедия күтіңіз, кино сүйер оқырман!
Дайындаған: Айгерім Сматуллаева
Сурет: concretecanopy.blogspot.com