2003 жылы екі талантты студент шытырман оқиғаға толы қысқаметражды фильм түсіреді. Араға бір жыл салып, олар картинаның толық нұсқасын желіге жүктейді. Бұл фильм әп-сәтте әлемдік франшизаға айналады. Фильмнің атауы "Ара" (Пила/Saw) болса, талантты жігіттер дегеніміз сценарист Ли Уоннелл мен режиссер Джеймс Ван болатын.
Жақында ғана 9-бөлімінің түсірілім жұмыстары аяқталды. Көрермендер арасында бұл франшизаның соңғы бөлімі деп сыбыс жүр. Бірақ сценарист Джош Столберг бұдан кейін әлі қорытынды оныншы бөлім шығатынын айтты. "Ара 9" фильмінің тұсаукесері 2020 жылдың 15 мамырында өтеді. Әзірге хоррор және триллер жанрындағы ең үздік фильмнің тұсаукесерін күтіп жүргендер үшін соңғы жылдары жарыққа шыққан шытырман оқиғаға толы фильмдер топтамасын ұсынамыз.
"Шеңбер" /"Circle" / "Круг" (2015)
"Шеңбер" фильмі – минимализм жанрындағы ең үздік картиналардың бірі. Оның үстіне фильм жұмбаққа толы. Көрермен тек визуалды әсер алып қана қоймай, ойланумен болады. Әдетте, триллер мен "бас қатырғыш" фильмдерде негізгі жұмбақ кілті құрылған тұзақтар арқылы жеткізіледі. Бірақ, бұл фильмде бар сыр адамдардың диалогтарында жасырулы.
Фильмдегі оқиға қараңғы ғимаратта өтеді. Түрлі жас аралығындағы 50 бейтаныс адам бір-бірінен бөлінген шағын қызыл шеңберде оянады. Оқиғаның мән-жәйі кейіпкерлердің әңгімесі мен олардың ойлау жүйесі арқылы қалыптасады. Уақыт өте олар өздерінің еріксіз адам тағдырының қазысы болғанын ұғады.
Фильмге қомақты бюджет салынбаған. Фильм авторлары адами құндылықтар мен қасиеттерге мән бере отырып, адам ойы мен мінезінің тоғысатын сәтін суреттеген. Сондықтан, фильмнен тек жарқын эмоциялар ғана аласыз.
"Емтихан"/ "Exam"/ "Экзамен" (2009)
"Емтихан" фильмінің сюжеті бойынша компания қызметкерлерге арналған іріктеу жұмысын жүргізеді. Мәреге дейін сегіз адам қалып, оларды арнайы күзетшісі бар бір бөлмеге кіргізеді. Ал, жұмысқа тек бір сұраққа жауап берген адамды ғана алады.
Кейіпкерлердің күшті және әлсіз жағы алғашқы кадрлардан-ақ байқалады. Бірі "тапсырмамен" бетпе-бет келгенде пысықтық танытады, бірі бөлмеден жауап іздейді, бірі ашуға бой алдырады. Емтиханға берілген уақыт шегіне жақындаған сайын, тест тапсырушылар саны азая бастайды.
"Аман қалу ойыны" жанрында түсірілетін өзге фильмдерге қарағанда, "Емтихан" фильмінде қантөгіс өте аз кездеседі. Әрбір кейіпкерден күнделікті өмірде кездестіруге болатын қасиеттерді көруге болады.
"Достықтан өшіріп тастау: Даркнет"/ "Unfriended: Dark Web"/ "Убрать из друзей: Даркнет" (2018)
Оқиға желісі бойынша Матиас есімді жас жігіт қауіпті ұйымның мүшесі болған әлдекімнің ноутбугін сатып алады. Нәтижесінде бейтаныс біреу Матиас пен оның достарына веб ойын ұйымдастырады.
Картина құпия мен желіде қауіпсізідік тақырыптарын көтереді. Одан бөлек, желіде адам тағдырымен еш қиындықсыз ойнайтын әрі бақылайтын белгісіз ұйымның барын көрсетеді. Фильмді түсірушілер тобы қазір гаджет, компьютер, бейнебақылау секілді технолгиялармен адам өмірін басқару оңай екенін жеткізеді.
"Өлгенше ойна" / "Truth or Dare"/ "Играй до смерти" (2011)
Фильм бастапқыда түкке тұрғысыз жұмбақтан тұратын хоррор фильмі секілді көрінеді. Бірақ, фильм ортасына келгенде оқиға желісі басқа бағытта өрбиді.
Америкалық фильмдерге сәйкес оқиға жастар кешінен басталады. Жастардың бірі Феликс Джеммиге сезімін білдіреді, кейін сотқар Криспен төбелеседі. Араға бірнеше ай салып, Феликстің шақыртуымен оның туған күнін атап өту үшін қала сыртына жиналады.Оларды Феликстің ағасы Джастин күтіп алады. Фильмнен оның Ауғанстаннан оралған әскери екенін білеміз. Ол Феликстің кеш оралатынын айтып, "бөтелке айналмақ" ойынын ойнауды ұсынады. Ойын барысында Феликстің өз-өзіне қол жұмсағаны, қонаққа шақырған адам Джастин екені белгілі болады.
Слэшер мен триллер боп көрінгенімен, фильм бірден психологиялық әрі қоғамдық тақырыптарды қозғайтын драмаға айналады.
"Клаустрофобтар" / "Escape Room "/ "Клаустрофобы"(2019)
Фильмнің атауынан түрлі квест бөлмелерді қолдану арқылы хоррор жанрын түсіретін картиналарға сілтеме барын ұғуға болады. Бәрі әдеттегідей: бірнеше адам квестке шақырту алады, әр бөлменің өз сыры бар.
Дегенмен, барлық бөлмеде қауіп шынымен іске асады. Квест басталған бөлме өртеніп, қатысушылар бір қауіптен аман қалады. Екінші бөлмеде мұзды дала болса, одан кейінгі бөлме жоғарыдан төменге төңкеріліп жатады. Классикалық триллерге экшен мен ғылыми фантастика қосылып, кейіпкерлерді шытырманға толы аймақтарға тастай салады.
Бірақ, фильмнің көрерменді соңында "мүмкін емес" деп бір таңқалдыратын құпиясы бар.
"Өлілер тізіміндегі тоғыз" / "Nine Dead" / "Девять в списке мертвых"(2009)
"Ара" фильміне тән негізгі элементтерді осы картинадан байқауға болады. Соған қарамастан, өзінің ерекшелігімен көзге түседі. Бір-бірін мүлде танымайтын тоғыз адамды әлдекім ұрлап кетіп, шынжырға байлап қояды. Қарақшы оларды не байланыстыратынын анықтауды тапсырады. Егер әрбір 10 минут сайын дұрыс жауап айтылмаса, оларды қинап өлтіреді.
Міне, жұмбаққа толы, біраз ойландыра отырып, кейіпкерді бірде жек көріп, бірде жақсы көруге мәжбүрлейтін фильмдер топтамасы осындай. Аталған фильмдер арасынан қай фильмді көрдіңіз?