- Негізгі бет
- Кино
- «Құнанбай» көркем фильмі...
«Құнанбай» көркем фильмі 3 желтоқсанда прокатқа шығады
2015 жылы 3 желтоқсанда ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің тапсырысы бойынша, Шәкен Айманов атындағы «Қазақфильм» АҚ жарыққа шығарған Ұлы Абайдың әкесі – Құнанбай Өскенбайұлының өнегелі өмірі туралы «Құнанбай» тарихи көркем фильмі жалпыұлттық прокатқа шығады.
«Құнанбай» көркем фильмі – Қазақстанның халық әртісі, Мемлекеттік сыйлық иегері, қазақ мәдениетінің көрнекті қайраткері, өнер ардагері, ұлттық театр және кино актері, режиссер, сценарист, продюсер Досхан Жолжақсыновтың режиссер ретінде түсірген екінші көркем фильмі. Мұның алдында, яғни 2008 жылы Досхан Жолжақсынов түсірген «Біржан сал» көркемфильмі жұртшылықтың ыстық ықыласына бөленіп, кәсіби киносыншылар тарапынан жоғары бағаланды.
Есімі елімізге кеңінен танымал Досхан Жолжақсыновтың киноактер ретінде де көптеген фильмдерге түскені белгілі. Атап айтқанда «Бандыны қуған Хамит» (1979), «Алтын күз» (1980), «Көшпенділер» (2010) және т.б фильмдер – Досхан өнерпаздың киноактер ретінде абыройын асқақтатты. Атылмыш фильмдердегі қилы-қилы кейіпкерлердің күрделі образдарын шынайы сомдау арқылы Досхан Жолжақсынов актер ретінде шын мәнінде халық сүйіспеншілігіне бөленді, есімі дүйім жұртқа мәшһүр болды.
Фильм жөнінде:
«Құнанбай» фильмі – атақты дала кемеңгері, қарадан шығып хан атанған Құнанбай Өскенбайұлы өнегелі өмірінің бір кезеңін қамтиды. Құнанбай Өскенбайұлы 1804 жылы бұрынғы Семей облысы қасиетті Шыңғыстаудағы Ақшоқы қыстауында дүниеге келді.
Барлығына белгілі Құнанбайға жалпы ел билеу ісі, одан қалды ағайын арасындағы шиеленістер мен ру аралық дау-шарларды шешу оңайға түскен жоқ. Сондай сәттерде ол қашанда әділетке жүгінді. Құнанбай өз халқының жанашыр перзенті ретінде қалың бұқара алдындағы қарызы мен парызын терең түсінді. Ол баласы Абайдан мол үміт күтті. Жастайынан ел билеу ісіне баулыды. Алайда Абай (Ибраһим) әкесі күткен межеден асып түсті. Жанына терең ойды серік еткен Абай туған халқының данышпан перзентіне айналды. Көп жыл өткеннен кейін Абай әкесін түсіне бастады. Ұлы ойшыл ретінде қазақ халқын әлемге танытты.
ХIХ ғaсырдағы Поляк саяси қайраткері А.Янушкевич сапарнамалық күнделігінде Құнанбайдың қайраткерлік тұлғасы туралы: “Құнанбай өңірге аты жайылған адам, қарапайым қазақтың баласы. Ғажайып ақыл-ес және жүйрік тіл иесі. Іскер, аталастарының игілігі туралы қам жейді, дала заңдары мен Құран қағидаларының жетік білгірі, қазақтарға қатысты ресейлік жарғыларды бес саусағындай біледі, қара қылды қақ жарған би және өнегелі мұсылман. Жұрт пайғамбардай сыйлайды. Одан ақыл сұрауға жас та, кәрі де, кедей де, бай да шалғай ауылдардан келеді. Тобықты руының сеніміне ие болып, болыстыққа сайланған… әділетсіздік пен дәулеттілердің зорлығына қарсы қалқан болған” - деп сипаттайды (“Қазақ даласына жасалған саяхат туралы жазбалар”, А. 1979).
Құнанбай — аса күрделі тұлға, билік тізгінін ұстаған кезіндегі қайраткерлігі қарама-қайшылықтарға толы. Ол би, болыс, аға сұлтан кезінде биліктің үш тұтқасын — қазақтың дәстүрлі заңын, патша өкіметінің “Сібір қазақтарына арналған низамын”, шариғат жолын қатар ұстанды. Қазақ дәстүрінің негізіне сүйене отырып, оңтайлы шешімдерді жүзеге асырды. Қатал да әділ билік елді тезге салып, жөнге келтіреді деп білді. Барымтаға, ұрлыққа тыйым салды. Заманның ауқымын аңдап, ертеңін болжай білді.
Кинокартинада Құнанбайдың тек жеке басы ғана емес, сонымен қатар XIX ғасырдағы қазақ қоғамының шынайы келбеті мол көрініс тапқан. Режиссерлік тың шешімдерге толы туынды қалың көпшілікке арналған. Тамашалаған көрермен қауым қазақтың өткен өміріне саяхаттап қайтқандай әсер алатынына сенім мол.
«Құнанбай» көркемфильмінің сценарийін жазғандар: Досхан Жолжақсынов пен арамыздан ерте кеткен халқымыздың аяулы перзенті, жазушы, мәдениеттанушы, қазақ руханиятының таңғажайып құбылысы – Таласбек Әсемқұлов.
«Кұнанбай» фильмі оның туып-өскен жерінде, ШҚО, Абай ауданы, Қарауыл ауылында және Алматы облысында түсірілді.
Ж. Исакаев