Бүгін, 15 шілде күні Меломан компаниясының ұйымдастыруымен Алматы қаласындағы Мега парк орталығының Сhaplin cinema кинотеатрында "Құмырсқа адам/Ant man" фильмінің жабық көрсетілімі өтті, - деп хабарлайды Massaget.kz сайтының тілшісі.
Американың жаңа фантастикалық фильмдерінің бірі - "Құмырсқа адам". Әйгілі Marvel компаниясының бұл туындысы өзін көп күттірді деуге болады. Фильмді түсіру идеясы осыдан жиырма жыл бұрын пайда болған еді. Алайда сол жылдары "Қымбаттым, мен балаларды кішірейтіп қойдым" деген ұқсас фильмнің шығуы бұл идеяның жарық көруіне кедергі болды. Енді, міне, арада 20 жыл өтіп, Марвел студиясы ерекше сюжетті фантастика, экшн жанрында фильм түсірді.
Сюжет бойынша басты рөлдегі Скот атты жігіт жаңа ғана абақтыдан шығады. Шыққан бойда бұрынғы әдетіне салынып, ұрлық жасайды. Алайда бұл жолы бәрі өзгешелеу. Себебі бұл ұрлықты ол өзі емес, өзгенің қалауымен жасаған болатын. Скот Хэнк Пим атты қарт кісінің ұсынысына келісімін береді. Алайда бұл ойынның арты өлімге апаруы мүмкін.
Фильм желісінде Скот расында да бірнеше рет өлім аузынан аман қалады. Ал соңында расында да өлімнен де қорқынышты саналатын әлемге түсіп кетеді.
Фильм көрерменге ұнары сөзсіз. Себебі бұл туынды басқа фантастикалық фильмдерден біршама өзгеше. Жаңа кейіпкер, жаңа шарттар, жаңа мүмкіндіктер бұл туындыны қызықты әрі ерекше етеді.
Егер бұрынырақта Марвел студиясының фантастикалық фильмдері балаларға арналған деп бағаланса, қазіргі туындылары әр жастағы көрерменнің жүрегін жаулап алатын жағдайға жетті. Бұл - жаңа форматтағы фильм.
Құмырсқа адамның әр қадамы, соққысы, ұшып-жүгіргені, сөздері, бейвербалды сигналдары - барлығы бүге шүгесіне дейін ойластырылған. Фильмге жетекшілік еткен Пейтен Ридтің еңбегі зор екені сөзсіз.
Актерлік құрамға келетін болсақ, Пол Радд, Майкл Дуглас, Эванджелин Лилли өздеріне артылған "басты рөлдерді" толықтай алып шықты деуге болады. Ашу, реніш, өкініш, қызғаныш, махаббат, адалдық сынды эмоцияларды кез келген әртіс көрсете алмайды. Ал бұл фильмде көрермен актерлердің сезімдеріне сенетіні анық.
Фильмнің трейлері: