Құлдық – адамзат тарихында орын алған ең бір жауыздықтың, қатыгездіктің бастамасы. Ол алғашқы қауымдықтан пайда болып, қазіргі заманға дейін жалғасып келе жатыр. Құлдық, әсіресе, Америкада кең етек жайды. Өздерінің үй шаруашылықтарымен айналысуға күштері жетпегендіктен, олар Африка елдерінен қара нәсілді адамдарды сауда-саттық арқылы өз құлдарына айналдыра бастады. Фильмдерде көптеп кездесетін және де өлмейтін, өшпейтін тақырып - махаббат деп білсек, ол бүгінде әдебиет, музыка, кино және т.б. өнер салаларының қай түрінде болмасын, алдыңғы қатарда тұр. Сол секілді құлдық тақырыбы да өшпейтін тақырыптардың бірі саналады.
Қарап отырсақ, құлдықтағы өмір қиыншылығы қара нәсілді адамдардың басынан өткенін көрсетеді, бірақ басқа нәсілді адамдар ешқандай құлдыққа түспеді, тек бостандықта жүрді деп айта алмаймыз. Бүкіл жер бетінде орын алған бұл мәселе, қазақ қоғамында да етек жайған мәселелердің бірі. Яғни, жоңғарлармен болған күрес, кеңес үкіметінің қол астында болу, соғыс кезеңіндегі құлдық соның көрінісінің шет жағасы болып табылады. Мәселен біз оны «Бандыны қуған Хамит» фильмінен көре аламыз. Бұл фильмде заң қызметкерінің заңға бағынбайтын даланың еркін бандыларының қол астына құлдыққа түсіп қалуы сынды эпизодтарды сол бір тақырыптың элементтері деп қарастыруға болады.
Америка киносында құлдықта өмір сүрген қара нәсілді адамдар жайындағы тақырып, алдыңғы қатарға шығып, өзекті мәселелердің бірі болып отыр. 2013 жылы өткен «Оскар» киносыйлығына ұсынылған Квентин Тарантиноның 2012 жылы түсірілген «Азат етілген Джанго» фильмі де құлдық қоғамда өмір сүріп жатқан адам өмірі жайындағы тақырыпты қозғап өтті. 2014 жылы өткен «Оскар» киносыйлығын 3 номинация бойынша жеңіп алған «Құлдықтағы он екі жыл» фильмі 2013 жылы түсірілген Стив Маккуиннің туындысы болып табылады. Бұл екі фильм де осы тақырыпты негізге ала отырып, бір мәселені қозғады. Жер бетінде тұратын адамдар мінезі, бойлары, түр келбеттері бойынша бір-бірінен өзгеше болып келеді. Сонымен қоса ең маңыздысы адам денесінің түсі бойынша өзгешелік. Яғни, қара және ақ нәсілді адамдар. Бұрынғы заманда қара нәсілді адамдардың бұл өмірде еш орны болмаған. Олар өмірге келетін, бірақ адамдар қатарына жатпайтын. Олар жан-жануарлардан да төмен сатыда тұратын және сол уақытта қара нәсілді адамдарды сатып алып, өздеріне құл қылып алуға болатын заң да болған. Міне, осы заманда өмірге келген Соломон Нортап атты қара нәсілді жігіттің өмірінен алынған бұл фильм автобиографиялық болып табылады. 1841 жылдағы оқиғаны баян ететін бұл туынды көрермендерге сол жылды елестете отырып, осы өмірдегі адамдардың қаталдығын, сатқындығын, жауыздығын, сонымен қоса, азап шеккен адам тағдырының қиыншылығын көрсетеді. Бостандықта жүрген Соломон Нортап скрипкада жақсы ойнап, Нью-Йорк қаласында отбасымен тұрып, сол жерде жұмыс істейтін. Бірақ ақшаға құмар екі жігіт Соломонды алдап, басқа қалаға жұмыс істеуге шақырады. Сол қалада екі пайдакүнем оның өміріне балта шауып, қара нәсілді болғаны үшін алдап-сулап құлдыққа сатып жібереді. Құлдыққа түсе салысымен, Соломонның тыныш та махаббатқа толы өмірі күл-талқан болады. Осы жерде ол көптеген адаммен кездесіп, нағыз өмір азабын көреді. Соломон арқылы режиссер бізге құлдықта жүрген бүкіл қара нәсілді адамның тағдырын көрсете білген. Қара нәсілді адамдардың көбісі өздеріне берілген бұл азапты өмір жолдарына көнсе, кейбіреулері керісінше көнбей, сол жерден қалай да болса тірі шығуын ойлайды. Оларға тірі қалуға күш қуат беретін – тек махаббат. Яғни, отбасына, сүйіктісіне деген сезім. Отбасына деген махаббаты Соломонды шыдамдылыққа, қиыншылыққа төзуге, қандай бір жолмен тірі қалуға көп көмегін тигізді. Отбасы болмаған жағдайда, Соломонның өмірі мүлде өзгеше болар еді. Сол ортада жұмыс істейтін әрбір қара нәсілді адам бір-бірінің қиналысын жақсы түсінеді. Бірақ бір-біріне мүлде көмектесе алмайды. Бостандық өмірдің мәнін түсіндіре өтетін бұл фильм бай мен кедей арасындағы жер мен көктей айырмашылықтарды ашып көрсеткен. Фильм адам өмірінің басты құндылықтары мен бостандықтарын бағалауға үйретеді.
Режиссерлік шешім бойынша, фильмнің басы Соломонның құлдыққа түскеннен кейінгі өмірінен басталып, кейін оның құлдыққа қалай түскеніне ауысады. Фильм оқиғасының баяндалуы классикалық әңгімелеуден алшақ. Музыка фильмге ерекше атмосфера тудыра отырып, көрерменге әсер қалдырады. Скрипканың дыбысы, құлдардың жұмыс істеу барысындағы әртүрлі әсем әуендері, адам қайтыс болған кезде айтылатын әуендердің барлығы ритмикалық болып табылады. Қара нәсілді адамдар айтатын өлеңдердің ритмикалық болуы, олардың болашаққа деген үміті мен бостандығын және тек қана тыныш өмір сүруге деген құштарлықтарын білдіретіндей. Осы әуендер, әсіресе, басты рөлдегі Соломон Нортапты сомдаған Чиветель Эджиофордың характерімен тығыз байланысты. Кадр сыртындағы әуендер фильмдегі кейіпкердің өмірінен сыр шертеді. Оның өмірі музыкамен тығыз байланысты. Себебі ол музыкалық аспапта ойнайды. Құлдық кезеңінде оған өзінің сүйікті аспабы көп қүш-қуат береді. Чиветель Эджиофор скрипкада ойнайтын, жоғары сатыдағы рөлді сомдай отыра, құлдық өмірдегі рөлге ене түскендей. Оның бір ғана көзқарасынан қиналысын, махаббатын, сағынышын көре аламыз.
Фильмдегі актерлік ойынға келер болсақ, әрқайсысы өз рөлдерін шынайы ойнап шыққан. Олар әрбір көрерменді өздерінің сомдаған рөлдеріне сендіре білді. Сонымен қоса, құлдықта жүрген Пэтси рөлін сомдаған Лупита Нионго 2014 жылы өткен «Оскар» киносыйлығын ең үздік екінші пландағы әйел рөлі номинациясы бойынша жеңіп алған. Басты рөлді сомдамаса да, эпизодтық рөлді, яғни, Сэмюэл Басстың рөлін сомдаған Брэд Питті айтпай кетуге болмайды. Фильмдегі құлдардың бастығы Эдвин Эппстың рөлін Майкл Фассбендер сомдады. Майклға фильмдегі ең бір қатал рөлдердің бірі берілген. Соған қарамастан, ол ішінде жатқан бүкіл қаталдығын шығара отыра, өзі сомдаған рөлге көрерменді сендіре түседі. Операторлық жұмысқа келер болсақ, әрбір эпизодтардағы актерлердің көңіл-күйлері мен эмоцияларын орта, көлемді, жалпы көрсету арқылы бере білген. Әлемдегі әр халықта да болған бұл құлдық өмір мәселесі, фильмде айқын ашыла түседі.
Шындық оқиғаны негізге ала отырып түсірілген әрбір фильм қара нәсілді адамдардың құлдық өмірінен сыр шертіп отыр.
Автор: Аида Мейранова, Т.Жүргенев атындағы Қазақ Ұлттық Өнер Академиясының студенті
Дайындаған: Нұржігіт Айдархан
Сурет: lenta.ru
Ұқсас жазбалар:
«Құлдықтағы он екі жыл» фильмінің актрисасы әлемдегі ең сұлу әйел атанды
«Оскар» 2014 киножүлдесіне үміткерлер анықталды
«Алтын глобус 2014» жеңімпаздары анықталды