- Негізгі бет
- Кино
- "Күлбике" фильмінің дыбыстаушылары...
"Күлбике" фильмінің дыбыстаушылары өз әсерін бөлісті
Осыған дейін Астана мен Алматы қалаларында «Күлбике» ертегісінің қазақ тіліндегі көрсетілімі өткенін хабарлаған болатынбыз.
Бұл – 5 жылдың ішінде көрерменге қазақ тілінде жол тартқан 10-шы голливудтық блокбастер. «Мәдениет туралы» Заңға сәйкес 2012 жылдың 1 қаңтарынан бастап прокат үшін Қазақстанға әкелінген барлық фильм мемлекеттік тілде дубляждалуы тиіс. «Болашақ» қауымдастығы «Нұр Отан» партиясының қолдауымен «Жастар – Отанға!» жастар жобасы шеңберінде голливуд фильмдерін дубляждау жобасын іске асыруда. Аталған фильмді дыбыстаушы актерлер өз әсерлерін бөлісті.
Гүлназ Әуесбаева: "Осыған дейін жасалған 9 жобаға да ат салыстым. "Малефисиента", "Көліктер", "Галактика сақшылары" фильмдерінде Анджелина Джоли сынды басты кейіпкерлердің даусын дыбыстадым. Бұл жолы басты рөлдегі кейіпкерді дыбыстау мүмкіндігі маған бұйырмай, анасын дыбыстадым. Бірақ, осы рөлімнің де жауапкершілігі мол болды. Себебі, Күлбике арада 50-100 жыл өтсе де, балалардың сүйіп оқитын, сүйіп көретін ертегісі болып қала береді. Жоғары сападағы стандартқа сай түсірілген фильм деп бағалаймын. Оны отбасыларыңызбен бірге келіп көрулеріңізге болады. Жобамыздың мақсаты – тіліміздің өркендеп өсуіне жағдай жасау. Қазір халықтың көп бөлігі негізінен орыс тілінде сөйлейді. Бұдан өзге ауылдағы қарапайым тұрғындар әлемдік деңгейдегі фильмді көріп, тың жаңалықтардан өз ана тілінде құлақдар болып отырса екен деген ниетіміз бар. Астарында «Барлығын өзіңнен баста!» деген ұран жатыр.
Бұл жолы алдыңғы кейіпкерлермен салыстырғанда мүлдем басқа қарама-қайшы актерді дыбыстадым. Бірі – ештеңеден тайсалмайтын батыл әйел, екіншісі – Галактикасын қорғап жүретін сақшы болды. Енді баласына қамқор, нәзік ананы дыбыстадым.
Аталған жоба тілімізді дамытып қана қоймай, актерлеріміздің жан-жақты жетіліп, бұғып жатқан қабілеттерін ашуға мүмкіндік берді. Дәл қазір қазақ елінің Алматы, Астана қалаларында алғашқы көрсетілімі өтіп жатыр. Біздің театр академиясында дыбыстау сынды арнайы мамандық жоқ. Мұнымен айналысуды 2002 жылдан бастадым. Айжан Жәмшитованың арқасында Хабар арнасында, содан кейін 31, Балапан телеарналарында жұмыс жасадым. Алғашқы қадамда әрдайым қиындықтар болады. Бұл – артар жүгі ауыр жоба.
Әр жобада әртүрлі көлемде ақша алдық. Қазіргі дағдарысқа байланысты ақша аз бөлінді. Мемлекеттік жоба болғандықтан, біз тегін әрі қуанып жүріп жұмыс істеуге әзірміз. Себебі, жобаның алдына қойған нақты мақсаты бар. Тарихи сәтке қатысудың өзі үлкен жетістік болмақ. Біздің де елімізде Голливуд фильмдері Ресейдегідей бірден аударылып тұрса екен дейміз".
Серікбол Күнболатұлы: "Фильмде көптеген эпизодтық рөлдерді дыбыстадым. Басты рөлге қарағанда эпизодтық рөлдерді дыбыстаудың айтарлықтай қиын екенін мойындаймын. Өйткені, бір кейіпкердің мінезін ғана ашып қоймай, бірнеше кейіпкердің даусын келтіруімізге тура келеді. Сапалы деңгейде аударылатын осындай фильмдердің көп болғанын қалаймын. Әлемдік деңгейдегі фильмді өз ана тілімізде көру бақыт деп білемін. Болашақ сынды ұйымдастырушыларға алғысымды айтамын. Айжанның арқасында кәсіби деңгейдегі актерлер таңдалып, көрерменнің көңілінен шықты.
Бұған дейін Қазақстан, Хабар телеарналарында көркем фильмдерді дыбыстадым. Соңғы жылдарда "Қара киімділер", "Көліктер-2", "Батыл жүрек" фильмін аударуға ат салыстым. Осындай сапалы фильмдерді халқымызға ұсыну үшін аянбай еңбек етуге дайынбыз. Қаражатқа келер болсақ, әркім өз еңбегіне сай табыс табады. "Walt Disney" компаниясының өнімдерін дыбыстауға шүкір орташа деңгейдегі қаражат бөлінеді. Фильмнің алғашқы көрсетілімін асыға күттім. Режиссер дыбыстаушыларды таңдап, олардың даусын Голливудқа тексеруге жібереді. Олар өз кезегінде шешім қабылдап, мақұлдайды немесе басқа кейіпкер ұсынуды сұрайды".
Тимур Пиязов: "Аталған фильмде ханзадаға өз даусымды бердім. Кастинг болып, даусымыз сонау Лондонда таңдалды. Мені таңдағандарын естіген кезде қатты қуандым. Дыбыстау барысында айтарлықтай қиындықтар тумады. Осыған дейін Галактика сақшылары, Малефисиента сынды фильмдерде басты кейіпкерлерді дыбыстап тәжірибе жинақтаған едім. Оны қазіргі заманға сай, өте жақсы фильм деп бағалаймын".
Сурет: Massaget.kz
Оқи отырыңыз:
10-шы голливудтық блокбастер қазақ тіліне аударылды
"Қайсар әрі мейірімді бол, жаным"
Қазақ қызы Лондон сахнасында Франция патшайымын сомдайды
Санжар Мадиев Кенесары ханның рөлін сомдайды