Азия текті америкалық Билли бала кезінен бері Америка Құрама Штаттарында тұрады. Бірақ, белгілі бір жағдайларға байланысты туған еліне оралып, әжесінің үйіне баруы керек.
Дәстүрлі үлкен қытай әулеті болғанымен, шындығында бір-бірін жақын танымайтын жандар. Олар орталарында өздерін байланыстыратын нәрсенің саусақпен санарлық екенін әлдеқашан ұққан. Әрине, бастары енді қосылған отбасы мүшелерін байланыстыратын тек беймазалық пен түкке тұрғысыз нәрсені ауыз жаппастан талқылайтын әдет қана.
Бұлардың басын біріктірген не дерсіз?! Бұл жиынның басты жаңалағы – әулеттің үлкені әжелеріне қатерлі ісіктің ауыр түріне шалдыққаны. Ал Қытайда жаман жаңалық жайында хабар беру бұрыс болғандықтан, туыстары Биллидің жиенінің үйлену тойына бола жиналғандай кейіп танытуға шешім қабылдайды. Тойға дайындалып жүріп, Билли бала кезде алыстап кеткен әжесіне деген сезімін нақтылауға тырысады. Өйткені, уақытпен бірге естеліктерге де сызат түскені анық. Бірі бұлдыр сағымға айналса, енді бір жадыдан өшеді.
"Қоштасу" фильмі америкалық тәуелсіз фильмдер арасында ең жиі талқыланды. Алдыңғы жылы "Ессіз бай азиялықтар" фильмі кассалық жиын бойынша бірнеше атақты фильмді артқа қалдырған болатын. "Ессіз бай азиялықтар" фильмі де отбасылық құндылықтар мен оралмандар жөнінде еді.
"Қоштасу" фильмі де дәл сондай үндеумен түсірілгеніне қарамастан, өзінің ерекшеліктерімен көзге түседі. Фильм ешқашан өзгерте алмайтын нәрсені қабылдауға, қанша жерден ақылға қонымсыз нәрселер мен жөнсіз өтірік айтса да, саған өмір сыйлаған жандарға төзімділікпен қарауға шақырады.
Фильм режиссері Лулу Ванг Қытайда туып, бала кезінде АҚШ-қа қоныс аударады. Жаңа фильмі туралы сұхбаттарда ашылып еш нәрсе айта қоймады. Тек Вангтің картинасы кейде адамның өз қалауымен емес, белгілі бір қалыптасқан экожүйемен өмір сүруге мәжбүр екенін ұғуға болады. Яғни, адамның тағдыры, қағидасы қоғамдық мәртебені сақтап қалу барысында жұтылып кететінін көрсетеді.
Жақын жаның жоғалтудың не екенін түсінетін адамға фильм қатты әсер етеді: бас кейіпкерді сомдайтын Аквафина жерлеу рәсімінде абдыраған, бар күшіңмен өмірдің мәнін іздеген, ешқашан өзге біреу алмастыра алмайтын адамды алыс сапарға қимай, шығарып салған қыздың рөлін керемет сомдайды.