Көруге тұрарлық тарихи 3 фильм

Көруге тұрарлық тарихи 3 фильм
Фото: kinoreporter.ru

Тарихи киноларды жаны сүйетін, бірақ соғыс, майдан тақырыбынан шаршаған адамдарға бірнеше фильмді ұсынамыз. Біздің топтамада шығармашылық, еркіндік пен тәуекел ету салдарынан зардап көрген не жеңіске жеткен адамдардың өмірін бейнелейтін фильмдер жинақталған. 

Феникс
2014 жыл, Германия.
Режиссер: Кристиан Петцольд
"Мен өзімді тірі өлік секілді сезінетінмен. Ал ол маған қайда орнымнан тұруға көмектесті"

Өзіңіздің сүйікті жарыңызбен қайта танысып, оны қайта білу мүмкіндігі туса қайтер едіңіз. "Феникс" фильмінің бас кейіпкеріне сондай мүмкіндік берілді. Холокост кезінде концлагерьде болған Нелли Ленц аман қалғанымен, көрген қиындықтардан кейін өзін "өлік" санайтын.

Үйге оралғаннан кейін ол пластикалық ота жасауға мәжбүр болады. Кейін оны жары танымай қалады. Белгілі бір жағдалармен айырылған екеуі, енді өзге адамдар ретінде қайта танысып, бірін-бірі таниды. Бұндай оқиғалар әдетте "хәппи әндпен" аяқталуы керек. Бірақ сізді басқа оқиға күтеді.

Работа без авторства / Авторсыз туынды
2018 жыл, Германия.
Режиссер: Флориан Хенкель фон Доннерсмарк
"Көзіңді ешқашан жұмба. Шындық әсем. Әрқашан"

Курт Барнерт қарапайым неміс балаларына ұқсамайтын. Ол бар уақытын шығармашылықпен айналысқан әпкесі Элизабетпен өткізеді. Ол оған тек бір шекарамен шектеліп қалмауды үйретеді. Оны көрмелерге апарып жүріп, оған шындықты өнер астарынан іздеу керегін көрсетеді. Оның суретші болуына себеп болады.  

Бірақ Курт пен әпкесі секілді еркіндікке жаны жақын адамдарды не нацисттік (баланың балалық шағы өткен), не социалистік (университетте білім алып жатқан) Германияда қабылдамайды. Әпкесінен құтылса, Куртты басып тастауға тырысты. Бұның бәрі бозбаланың жанына әбден батады.

Курттың кішкентай кезінде әпкесін үйден психикалық ауруханаға алып кетіп, бірнеше күннің ішінде оны газды камераға салып, өлтіреді. Студент шағында жігін өзін жоғалтып алады. Ол шығармашылықпен айналысқысы келсе де,  социалистік  реализмнен шыға алмайды. Өз өмірін өзгертуге Курт тек жасы 30-ға келгенде бел буады. Сүйіктісін ертіп, сөмкесін алып ГДР-ден Батысқа аттанады.  

Заложники / Тұтқын
2017 жыл, Грузия.
Режиссер: Резо Гигинеишвили
"– Не үшін? Оларда бәрі бар ғой.
– Не бар?
– Ал не болмады?"

Фильм сюжеті шынайы оқиға негізінде түсірілген. Оқиға 1983-жылдарды баяндайды. Картина желісі бойынша Грузин КСР-нен қашпақ болған жастардың басынан кешкендері сипатталады. Олардың жоспары – ұшақты алып қашып, сонымен Түркияға аттану. Жоспарлары батылдықты керек етсе де, сәл ақылға сыймайтын еді.  

Бұл фильм Кеңес үкіметі кезінде ешнәрсенің "қазіргіден әлдеқайда жақсы болмағанын" көрсетеді. Фильм еркіндікті жаны аңсаған жандар мен бұрыс шешімнің ащы салдарын баяндайды. Ол жүйенің қателігі мен ерте сынған тағдырларды көрсетеді. Сонымен қатар, адам өмірінен артық құнды нәрсе жоқ екенін түсіндіеді.

Т. Есқали