Көруге тұрарлық мұхит туралы деректі фильмдер

Әлемде толық зерттелмеген нәрселер көп. Соның бірі – мұхит. Сандарға сенсек, мұхиттың тек 2–5 пайызы ғана зерттелген. Аз зерттелсе де, қызығы мен берер ақпараты көп мұхит туралы деректі фильмдер топтамасын ұсынамыз. 

Тереңдік / Deep Blue / Глубина
(2003)

BBC арнасының тапсырысы бойынша түсірілген деректі фильм арқылы мұхит түбіне саяхаттауға мүмкіндік аласыз. Түрлі өсімдіктер мен суасты жануарларымен танысасыз. Үлкен акулалар, түрлі балық түрлері мен киттер және дельфиндерді көре аласыз. 

Мұхиттар / Oceans / Океаны
(2009)

Режиссер әрі продюсері – "Құстар" және "Микроғарыш" атты деректі фильмдерімен танымал Жак Перрен. Оның біздің ғаламшарға деген махаббаты мен қызығушылығы соншалық, ол кезекті фильмін мұхиттарға арнайды. Түсірілім жұмыстары төрт жылға жалғасқан. Сол себепті түсірілім тобы жердің түкпір-түкпіріне, Оңтүстік Африкадан бастап Арктика мен Антарктидаға дейін саяхаттаған.  Деректі фильмде тек мұхит құпиялары ғана емес, оған адамның әсері де суреттеледі.

Ғаламшар мен мұхит /  Planete océan / Планета-океан
(2012)

Бұл деректі фильм адамның табиғатқа, соның ішінде мұхитқа әсерін толық баяндайды. Су астындағы таңғажайып өмір ерекше көңіл-күй сыйласа, біздің ойсыз әрекетіміз кей табиғат иесінің өміріне балта шауып жатқанын ұғу қорқыныш тудырады. Бізге табиғатпен үйлесе өмір сүруді үйрену керек.

Көгілдір миссия / Mission Blue  / Голубая миссия
(2014)

Netflix ұсынатын деректі фильмнің басты кейіпкері – Сильвия Эрл. Ол – океанограф, биолог, қоршаған ортаны қорғауға атсалысып жүрген беленді. Теңіз қорғауға алынған теңіз қорықтарын біріктіретін жаһандық жүйе құру идеясын ұсынған.  Картина сол идеяны іске асыру барысын баяндайды. Фильнің ұстанымы – "Мұхитсыз әлем — бізсіз әлем". 

Пластикті мұхит / A Plastic Ocean / Пластиковый океан
(2016)

Түсірілім жұмыстары 4 жылға жалғасып, 20 түрлі аймақта өтеді. Ғалымдар мен зерттеушілер тобы мұхиттардың пластикпен бүліну себебі мен салдарын зерттейді. Бастысы осы мәселенің шешімін ұсынуға тырысады. 2016 жылы "БҰҰ жаңалықтар қызметінің" мәліметі бойынша, зерттеушілер мұхитта шамамен 5,25 триллион пластик құрылғыларды тапқан. Олардың салмағы шамамен  270 мың тоннаға жетеді. Бұл тек судың беткі қабатындағы қоқыс мөлшері ғана.