Қорқынышты фильмдер қолданатын технологиялар

Қорқынышты фильмдер қолданатын технологиялар
Фото: film.ru

Иә, барлық жанр секілді қорқынышты фильмдерді сүйіп қарайтындар, сол үшін кинотеатрға барып, алдыңғы қатардан орын алатындар, үйде жалғыз қалғанда сергу мақсатында осы жанрмен «қоректенетіндер» бар. Бұндай адамдар іштері пысқанда «Үйде біреу бар ма?» деп әзілдейді... Қаннан қорықпайды, кейде тамақ ішіп отырып, қасындағы адамның тәбетін  бұзатынын біле тұра, осыдан бір күн бұрын көрген хоррор жанрындағы фильмнің ең қорқынышты жерін майын тамызып сипаттап береді. Әрине, бұның бәрі – әзіл. Дегенмен, шынымен хоррор жанрының шынайы жанкүйерлері (фанат) үшін қорқынышты фильмдерде қолданатын адам эмоциясын басқару технологияларын баяндайтын боламыз.

Жанр шекарасы:
Хоррор –  бәрінен бұрын кино саласында қалыптасқан жас жанрлардың бірі. Оның өзіне тән құрылымы, сюжетке тән ортақ формуласы мен кейіпкерлердің типі бар. Дегенмен, бүгінде барлық қорқынышты элемент кездесетін бағытты бұл жанр түріне жатқыза бермейді. Өйткені, бұл жанрдың өзі бірнеше бөлімге жіктеледі.

Хоррор жанрын қиял-ғажайып (фантастика) пен фэнтези жанрларымен бірге қарастырады. Айтпақшы, осы жерде фантастика мен фэнтези айырмашылығын атап өтейік: екеуі де қиял-ғажайып туындылар болғанымен, фэнтези – мүмкін емеске болжам жасаса, фантастика – ықтимал нәрселерді сипаттайды.  Ғылымдар хоррор жанрына – мүмкін емес ықтималдылық жиынтығы деген сипаттама береді (зомби, қансорғыштар мен елестер). 

Хоррор субжанрлары:
Мысалы, ылғи бір қанішер немесе қарақшыдан қашып, өздерімен өздері ылғи керісіп, қырылып жататын «жасөспірімдерге» арналған, оқиға желісі белгілі, кейде жалықтырып жіберетін хоррор жанры слэшер деп аталады.  Ал, қанды жиі көрсетіп, оның жан-жаққа шашылғанын назарға алатын, қаннан субұрқақ орнататын жанрды сплэттер деп атайды.
Одан бөлек, замануи вомит-гор деп аталатын субжанр да бар: vomit — «жүрек айну» және gore — «бөлшектеп тастау» деген сөздерден шыққан. Бұл жанр жүйке жүйесі жұқарған адамдарға жақпасы анық. Бұндай фильмдерде мағына да, мән де жоқ. Тіпті, оқиға желісі де болмайды.

Халық арасында кең танымал үш негізгі субжанр бар: мистика (тылсым күштер), зомби және әлі күнге дейін жанрға жатқызу барысында дау туғызатын қансорғыштар жанры.

Хоррор комедия, фантастика, триллер секілді жанрларды бірге алып жүруі мүмкін. Әр адам әр түрлі субжанрды жақсы көреді. Біріне елестер туралы ұнаса, зомби туралы ұнамауы мүмкін. «Адамдар неге қорқынышты фильмді жақсы көреді?» деген сауал да туындаған. Бірақ, оған ғалымдар да, кино сыншылары да жауап бере алмай келеді. Оны жанрдың алуан түрлі болуымен байланыстырады.

Хоррор технологиясы:
Құбыжықтар:
Хоррор фильміндегі алғашқы құбыжықтар қанішер болғанымен, көрермен үшін сырт-келбеті жиіркеніш тудырмайтын. Оларды тартымды кейіпкер қабылдайтын. Алғашқы хоррорларда қазіргі фантастикадан гөрі мелодрама мен романтика басым болатын. «Опера елесі» (1925), «Дракула» (1931), «Мумия» (1932) фильмдерін сол қатардан көруге болады. Құбыжықтар рөлін сомдаған Лон Чейни, Бела Лугоши, Борис Карлофф Голливудтың алтын ғасырында жарыққа шыққан хоррор жанрының жарқын жұлдыздарына айналған еді.

Құбыжықтардың бейнесі адам келбетінен құбылып, түрлі реңкке ие бола бастады. Мысалы, «Вязов көшесіндегі сұмдық» фильмінің басты кейіпкері – Фредди Крюгер. Осылайша, адамдарды жалықтырып алмаудың амалына көшті. Кейін, халықтың зомби немесе қансорғыштан гөрі, тылсым күшке сенетініне көзі жеткен режиссерлер елестер мен мыстандардың образын жасай бастады. 

Паранойя:
Жоғары да атап өткендей, көзге көрінетін нәрседен жасырын нәрсенің үрейді екі есе күшейтетіні анық болатын. Бұны кино сыншылар адам психологиясымен ойнау деп те атайды. Бұл бағытта алғашқы туынды дайындаған адамдардың бірі – продюсер Вэл Льютон. 1940 жылдары аз қаражатты керек еткен хоррор фильмдердің бірнеше бөлімін шығарды. Қиын грим, қымбат костюм мен әрлейтін құрылғыларға қаражат таппаған Льютон «Мысық адамдар», «Леопард адам», «Жетінші құрбан» атты фильмдерінде құбыжық әрекеттерін «елес» бейнесінде сипаттайды. 

Басты кейіпкерлерді қоршаған қараңғы орта, ұзын, шегі жоқ, адамдарсыз ұзын көше, «не болады екен?» деп күттіріп қоятын жұмбақ әуен, одан бөлек көзге көрінбейтін, тек дауыс арқылы іске асатын өлім сценасы (көрермен кейіпкер өлімін өзі жасап алады) – осының бәрі хоррорға деген қызығушылықты арттыра түсті.

Мутация:

Бұны қалай атайтынымызды білмей, «мутация» деп атауды жөн санадық. Өйткені, бұл технологияны қолдану хоррор жанрындағы соңғы фильмдерде кеңінен танымал. Өйткені, бұл жерде құбыжықты көру мүмкін емес. Бірақ, сезінуге болады. Жауыз құбылыс адамның ішіне енеді де, оны адами қалпынан айырады. Әсіресе, мыстандардың арнайы рәсімі, жын кіру, ауада пайда болған вирус немесе сәтсіз тәжірибе нәтижесі фильмдердің өзегіне айналды.

Азаптау технологиясы:Әсіресе, нәтижесін күттіріп қоятын азаптау технологиясы халықтың хоррорға ынтызар болуына себепші болды. Әсіресе, слэшер мен сплэттер жанрында бұл технологияны жиі қолданады. Сонымен қатар, кенеттен шыға келу, ойламаған жерден қатты шыңғыру, бір заттың құлап кетуі де азаптау технологиясы. Тек кейіпкерді емес, осылайша көрерменді де азаптап қоятыны тағы бар.

Музыкалық ләззат:
Хоррор жанрындағы фильм саундтректерінің өзі ерекше. Олар да сөз қолданылмайды, бірақ, қарапайым әуен сіздің бойыңыздағы үрей, қорқыныш пен тітіркену сезімдерін оятады.

Бұл қорқынышты фильмдер қолданатын басты технологиялар: бұлар болмаса, фильм мелодрамаға, фантастика мен қарапайым драмаға айналады. Осындай адам санасына әсер ете отырып, қорқынышты оятатын фильм бөлімдері ғана хоррорға өзіндік үлес қосады.

Ал енді сұрақ: сізді қатты қорқытатын не?

Т. Есқали