"Композитор" фильмі Бейжің Халықаралық кинофестиваліне қатысады

Тұңғыш қазақ-қытай бірлескен киножоба – «Композитор» көркем фильмі IX Бейжің Халықаралық Кинофестивалінің негізгі конкурстық бағдарламасына қатысады (The 9th Beijing International Film Festival). Аталған фестиваль 2019 жылғы сәуірдің 13 мен 20 аралығында Қытай астанасында өтеді. ҚХР негізі қалануының 70-жыл толуына орай кинофестивальдің биылғы тақырыбы – «Отан» деп аталады. 

Көркем лента қытайлық композитор Си Синхайдың Совет одағында, оның ішінде Алматыға эвакуацияланған кезі мен қазақтың композиторы Бақытжан Байқадамовпен достығы туралы баяндайды. Фильмді Ш.Айманов атындағы «Қазақфильм» киностудиясы және қытайлық «Shineworks Pictures», «China film coproduction corporation» компаниялары түсірген. 

Бақытжан Байқадамовтың образын танымал қазақстандық актер Берік Айтжанов сомдаған. Ал Си Синхайды қытайлық актер  Ху Чжунь ойнайды. Сонымен қатар, картинада басқа да отандық актерлер бой көрсетеді – Алтынай Нөгербек, Аружан Жазылбекова, Сергей Уфимцев және басқалар. Қоюшы режиссері – Шерзат Якуб, со-режиссері – Сәбит Құрманбеков.     

                                     

«Композитор» фильмі Бейжің кинофестивалінде басты жүлдеге – Tiantan («Аспан ғибадатханасы») премиясына әлемнен іріктеліп алынған 14 фильммен қатар таласады. 

Tiantan Award жүлдесінің Халықаралық қазылар алқасы танымал кинематографистерден құралған. Олар жүлделерді он номинация – үздік көркем фильм, үздік режиссура, актерлік шеберлік(сонымен қатар екінші пландағы актер), үздік сценарий, үздік музыка және визуалды эффектілер бойынша табыстайды. Қазылар алқасына «Арыстан патша» анимациялық фильмі бойынша танылған, америкалық режиссер және продюсер Роб Минкофф төрағалық ететін болады.  

Бейжің қаласы әкімшілігінің қолдауымен Бейжің халықаралық кинофестивалі жыл сайын 2011 жылдан бастап өтіп келеді. Tiantan Award-2019 премиясының жеңімпаздары 2019 жылдың 20 сәуір күні кинофестивальдің жабылу салтанатында белгілі болады. 

Естеріңізге сала кетейік, «Композитор» фильмінің өндірісі үкімет деңгейінде ұйымдастырылған болатын. 2015 жылы 31 тамызда Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаев және Қытай Халық Республикасының Төрағасы Си Цзиньпиннің қатысуымен өткен мәдени-гуманитарлық ынтымақтастық туралы келісімге қол қойылған кезде уағдаластық етілген.  ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің ұсынысы бойынша Ш.Айманов атындағы «Қазақфильм» АҚ мен қытайлық Shineworks Pictures компаниясы арасында аталған фильмді бірлесе өндіру, қаржыландыру, және пайдалану жөнінде келісімге отырған.

2017 жылы 8 маусымда ҚХР Төрағасы Си Цзиньпиньнің Қазақстанға жасаған сапары аясында қол қойылған бірлесіп киноөндірісті  жүргізу туралы мемлекетаралық келісім негізінде аталған киножоба іске асқан болатын.  

Картинаның түсірілімдері 2017 жылы өтіп, фильмнің біраз бөлігі Қазақстанда жүрген. 

Си Синхай қысқа ғұмырында 500-ден астам тамаша әуендер жазған, сондай-ақ ол 10-ға жуық кинофильмдер музыкасының авторы.  Алматыда өткізген жылдары ол «Ұлт   азаттығы» симфониясын жазған. Азаттық пен отанға деген адалдықты жырлап, зорлық-зомбылық пен соғысқа қарсы бағытталған Си Синхайдың шығармаларынан отанға деген махаббатын аңғаруға болады.