Астана қаласы «AraiMediaGroup» студиясында Disney және Pixar өнімі, жаңа, жылдамдығы жоғары, анимациялық «Көліктер 3» мультфильмінің дубляж жұмыстары аяқталды. Аудармаға қатысқан актер саны – 100 адам.
Мультфильм қаһармандары – жарыс трегінің аңызы Найзағай Маккуин және оның достары тағы да қазақ тілінде сөйлейді. Атап айтқанда, голливудтық туындыларды дубляждау жұмысы 2011 жылы дәл осы «Көліктер 2» мультфильмінен бастау алды. Жобаны жасау мүмкіндігі «Болашақ» Корпоративтік қоры мен Marwin компаниясының арқасында іске асырылды. Disney картиналарының қаһармандары қазақстандық көрермендердің көзайымына айналуы, сонымен қатар бүлдіршіндердің олармен өз тілінде сөйлесуі бізді қуантатын жайт.
Алғашқы дубляждалған мультфильм «Көліктер 2» жобасының режиссері осы жолы да шығармашылық топ жұмысын өз қолына алып, «Көліктер 3» мультфильмінің де дубляж режиссері болды.
Нышанбек Жұбанаев осы жола да Найзағай Маккуиннің дауысымен танылады, ал оның досы Мэтрдің дауысын 2011 жылы сомдаған, Disney студиясы Мэтрдің әлемдегі ең жақсы дауысы деп таныған – Азамат Қанапия.
Мультфильмнің басты қаһарманы, көрерменнің көзайымына айналған, аты аңыз Маккуин жарыс трегі жұлдыздарының қатарынан шығып қалып, жаңа заманға сай көліктердің шаңында қалып қоятын жайы бар. Алайда Маккуиннің берілетін түрі жоқ, ол Круз Рамирез атты жас әрі ең талантты механикке көмек сұрап барады. Круз керемет маман, әрі өз жұмысын өте тыңғылықты орындайтын адам. Ол Найзағайдың көшбасшы болуына ықпал етуді көздейді. Круз, қарсыластардың қандай әлсіздіктерін пайдаланып, Маккуиннің жеңіске жету жолдарын іздейді.
15 маусымнан бастап еліміздің барлық кинотеатрынан көріңіздер!