- Негізгі бет
- Кино
- "Көксеректегі" Құрмаш: “Осы...
"Көксеректегі" Құрмаш: “Осы киноға түскеннен кейін күлмейтін болдым”
Мұхтар Әуезовтің "Көксерек" туындысы бойынша түсірілген фильмдегі басты рөлді сомдайтын Құрмаш, яғни Қамбар Уәлиев өзі фильмге қатысты былай деп сыр шерткен екен:
"Шыны керек, кейде осы киноға түскеніме өкінемін. Мен кинодан кейін күлмейтін жанға айналдым. Фильмнің әрбір эпизодын көңілдегідей түсіру оңайға соқпады. Кинода ашуға булыққан Аханқұл бөлтірікті менің қолымнан жұлып алып, атына қарғып мінген сәті естеріңізде болар? Құрмаштың "ағатайлап" шырқырап жүгіргені... Бірақ, оны тыңдайтын Аханқұл қайда? Бөлтіріктің желкесінен ұстап, өзенге атып ұрады. Сол кезде "бөлтірігімді бер, бөлтірігімді қайтар" деп жанұшырған Құрмаш та суға белшесінен батып, күмп ете түседі де, сүйретіле суға малшынған күшігін жағаға алып шығатын жері бар ғой.
Мәселен, сол бір ғана эпизодты түсіру үшін, сан рет дубль жасалды. Қанша рет қайталанса, сонша рет суық суға малшындым. Күздің күні. Әр түскен сайын бойым тоңып, қалтырап қалам да, жағада ұзақ уақыт өксігімді баса алмай отырам. Аздап спирт жаққан болады, бірақ, дәл сол қиындықтар бар-жоғы тоғыз жастағы мен үшін оңайға соқпады. Сол күндердің зардабын күні бүгінге дейін тартып келе жатырмын. Осыдан екі-үш жыл бұрын төсек тартып жатып та қалдым. Екі аяғым қақсап жанымды жейді. Бірақ, дәл сол кезде "Көксерек" көңілдегідей шығу үшін, менің денсаулығыма алаңдай қойған ешкім болған жоқ..."
Айта кетейік, фильм режиссері «Ұрқия» фильмімен танымал болған Төлеміш Өкеев - өз ісінің хас шебері. Әр әртіспен жеке жұмыс жасап, керек кезде қатыгез де болған. Бай баласы Смайылбектің рөлін сомдаған Нұржұман Ықтымбаев Хасен рөлін сомдауы керек болатын. Алайда, режиссер Төлеміш Өкеев Хасен рөлін ойнауды Қарғамбай Сатаевқа тапсырады. Аханқұл рөлін сомдаған қырғыз актері Сүйменқұл Чоқморов Бакуде өткен кинофестивалде «Ең үздік актер» номинациясы бойынша жеңімпаз болып танылды, ал Қамбар Уәлиев ынталандыру сыйлығын иеленді.
1974 жылы Әзірбайжан астанасы Бакуде өткен Бүкілодақтық кинофестивальдің бірінші жүлдесіне ие болып, Швейцарияның Локорно қаласында өткен кинофестивальде құрмет грамотасымен марапатталды.
А. Оралқызы