«Disney» мен «Pixar» компаниясының жаңа туындысы қазақ тілінде сөйлейді. «Коконың құпиясы» деп аталатын анимациялық фильм несімен қызық?
1. Сапалы аударма
Иә, осыған дейінгі қазақ тіліне аударылған жұмыстардың ішіндегі ең өтімдісі әрі ең қызықтысы. Тікелей аудармамен ғана шектелмей, халықтың арасында кеңінен танымал қазақ тіліндегі сленг сөздерді орнымен қолданған.
2. Сапалы дыбыс
Анимациялық фильм тек қана диалог ретінде ғана емес, музыкалық қойылымдармен үндескен. Яғни, дыбыстаған актердің әнге қабілеті болуы тиіс. Ағылшын, испан тілінен қазақ тіліне аударылған әндер өзінің құндылығын жоғалтпаған. Керісінше, қазақ тілі әуенге ерекше сипат сыйлағандай.
3. Керемет сюжет
Балаларға арналғанымен, философиялық идеясын ұғыну үшін сана керек. Байқағанымыз, бұл анимациялық фильм балаларды ғана емес, ересектердің өзін елітіп әкете алады. Сіз күлесіз, жылайсыз, бірге уайымдайсыз. Бастысы, сюжеті және оны жеткізу жолы сізді таңқалдырмай қоймайды.
4. Суреттеу шеберлігі
Технологияның даму суретшілердің жұмыстарын мың есе жеңілдетті. Адам болмысын шынайы жеткізу, болып жатқан оқиғаны көрерменнің сезінуіне мүмкіндік сыйлау осының барлығы үлкен еңбекті қажет етеді. «Коконың құпиясын» қарай отырып, бұл анимациялық фильммен жұмыс жасаған адамдарға тәнті болып қайтасыз.
5. Ұқсас болмыс
Отбасы, өмірден өткен ата-баба әруағын сыйлау, үлкеннен бата алу, үлкенді тыңдау секілді қазақ менталитетіне сай болмыс пен әдеттерді бұл фильмнен кездестіресіз. Әсіресе, отбасыға деген махаббат ерекше сипатталады.
Коконың қандай құпиясы бар деп ойлайсыз?