Әдетте ғашық жұптар қандай да бір қойылымға немесе жай ғана кино көруге келсе болды, залдың артқы орындарына жармасып, көрсетіліп жатқан кинолента сюжетінің егжей-тегжейіне мән бермей, бас салып бір-бірімен "жақынырақ танысуға" көшіп жатады.
Осыған орай, лондондық “Notting Hill Electric Cinema” атты кинотеатрдың жетекшілері жоғарыда аталған тұрақты аудитория өкілдерінің қамын ойлау мақсатында залдың алғашқы қатарына бірден алты ыңғайлы да кең төсек орнатуды жөн көріпті. «Бұрындары соңғы орындардан әрдайым ғашықтардың дыбыстары, күлкілер естілетін, енді бұдан былай «бізде» бұның бәрі алғашқы қатардан орын алатын болады», - дейді кинотеатр иелерінің бірі Ник Джонс. Мәселен, клиенттерді залдың алғашқы қатарына тарту мақсатында төсек билеттері 29$-дан сатылса, қалған орындардың бағасы 32$-дан.
Мекеме иелерінің мәлімдеуінше, мұндай қадам аталған кинотеатрдың абыройын көтеру үшін сондай-ақ, бүкіл Лондонда фильм көруге арналған ең әдемі де ыңғайлы жер ретінде танылу үшін жасалған екен.
P.S. Бәлкім, кинотеатр жетекшілері осындай қадам арқылы жастарға кинотеатрдың сезім білдіру орталығы емес, кино көруге арналған әлеуметтік орын екенін де еске салмақ болған шығар.
Дайындаған: Ерғали Елдос
Сурет: drunov.ru