Фильм шығару — бір қарағанда оңай болып көрінгенімен, шын мәнінде оның тыңғылықты дайындықты қажет ететін қиын тұстары өте көп. Киноөндірістің пре-продакшн кезеңі кейде бірнеше жылға созылатындығы да сол себептен. Сценарий жазу мен әр кейіпкерге мінез беру, оларды сипаттау ұзақ уақыт алатыны анық. Ал егер туынды ойдан шығарылған әлемде ғұмыр кешетін өмірде жоқ жаратылыс иесі жайлы болса ше? Онда алға қойылған мәселе тіпті қиындай түспек. Ондай кейіпкерлердің түрлеріне сипаттама берудің өзі мол қиялды қажет етеді десек, оларды өз тілінде сөйлету қаншалықты ауыр екенін елестетіп көріңіз.
Қалай болғанда да ұмтылған адам үшін шешілмейтін мәселе жоқ. Ойдан шыққан жаратылыс иелеріне өзіндік лексикасы, граматикасы мен фонетикасы бар тіл ойлап тауып, көрерменді сол тілдің шынымен бар екеніне сендірген фильм өндірушілері аз емес. Тіпті, олардың ішінде киносүйер қауымның күнделікті қолданысына еніп, аса дамып кеткендері де бар. Назарларыңызға кино үшін ойдан шығарылған тілдердің бестігін ұсынамыз.
Клингон тілі. "Жұлдызды жол" фильмінде жат планеталық нәсілдердің бірі сөйлейтін бұл тілдің алғашқы сөздерін Джеймс Духан ойлап тапқанымен, көп жағдайда автор ретінде "Paramount Studios"-тың тапсырысы бойынша оны ары қарай дамытып, жетілдірген лингвист Марк Окрандтың есімі аталады. Марк Окранд тілдің граматикасы мен фонетикасын ойластыру кезінде Солтүстік Америкалық үндістердің тілі мен санскритті негізге ала отырып жұмыс жасаған. Қазіргі таңда клингон тілінің жетілген граматикасы, синтаксисі мен сөздігі және бұл тілдің дамуын қадағалап отыратын "Клингон тілінің инстуты" деп аталатын арнайы ұйымы бар. Айтылған ұйым әлем әдебиетінің жауһарларын клингон тіліне аударумен әрі сол тілдегі мезгілдік журналды шығарумен айналысады.
Синдарин тілі. Әйгілі "Сақина әміршісі" мен "Хоббит" туындыларының авторы Джон Толкиннің ойлап тапқан бұл тілінде сұр эльфтер сөйлейді. Тілдің шығу тарихы өте тереңде жатыр және құрылымы жағынан күрделі. "Синдарин" сөзінің мағынасы квенья тілінде "сұрша сөйлеу мәнері" дегенді білдіреді. Бір қызығы, квенья да ойдан шығарылған тілдер қатарына жатады. Фонологиялық тұрғыдан қарағанда, синдарин тілі валлийлік, көне ағылшын, көне скандинав және исланд тілдеріне ұқсайды. Сонымен қатар, тілдің грамматикасы мен заттарды көпше түрде атау ережесіне валлий тілінің әсері зор. Айта кетерлігі, синдарин тілінің әліпбиі де құрастырылған.
Құдайлар тілі. "Бесінші Элемент" фильмінде бас кейіпкер Лилу түсініксіз көне бір тілде сөйлейді. Туындыда айтылатын аңызға сай, ол бір кездері бүкіл Ғалам сөйлеген Құдайлар тілі-мыс. Шын мәнінде бұл режиссер Люк Бессон мен актриса Мила Йовович ойлап тапқан небәрі 400 сөзі бар тіл. Оны өнер қайраткерлері арнайы осы фильм үшін құрастырған. Айта кетерлігі, грамматикасы мен дыбысталуы жағынан француз және араб тілдерін негізге алған Құдайлар тілінде сөйлеу тәжірибесін арттыру үшін Мила Йовович түсірілімге дейін Люк Бессонмен осы тілде хат алмасып тұрған екен. Ал фильм көпшілік назарына ұсынылғаннан кейін, бір топ жанкүйерлер туындыдағы Құдай тілінде айтылған барлық сөзді жинап, арнайы сөздік те шығарған. Олардың ішінде осы тілде өлең жазатын ақыны да бар көрінеді.
Дотракин тілі. Жазушы Джордж Мартиннің "Мұз бен алау жыры" романында кейіпкерлер бірнеше тілде сөйлейді. Бірақ кітапта көбінесе тек сипаттамалары ғана жазылғандықтан, ол тілдер аса жетілмеген еді. Ал айтылған роман желісі бойынша түсірілген "Тақ ойындары" телехикаясында өндірушілер сол тілдерді жетілдіруді жөн санап, олардың өзіне тән ережелері болуын қадағалайды. Әсіресе, туындыда көп кездесетін, бас кейіпкерлердің бірі сөйлейтін дотракин тіліне аса мән беріледі. Оның құрастырушысы ретінде "Тіл құрастыру қоғамының" мүшесі Дэвид Дж.Питерсон таңдалады. Тілдің грамматикалық және фонетикалық негізі орыс, түрік, инуктитута және суахили тілдерінен алынған. Қазіргі таңда дотракин тілін үйрететін кітап пен арнайы онлайн-дәрістер шығарылған. Сонымен қатар, бір топ жанкүйерлер әліпби де құрастырған, бірақ ол әлі ресми түрде қабылданған жоқ.
Наави тілі. "Аватар" фильміндегі Пандора планетасының тұрғындары сөйлейтін бұл тілді құрастыру идеясы режиссер Джеймс Кэмеронға тиесілі. Ол, тіпті, алғашқы 30 сөзді құрастырып та үлгерген екен. Алайда уақыт пен білімнің жетіспеушілігінен болар, ол көмекке лингвист Пол Фроммерді шақыруды ұйғарады. Маман төрт жылдың ішінде тілдің морфологиясы мен синтаксисін дамытып, сөздік қорын 1000 сөзге дейін көбейткен екен. Ал фильм шыққаннан кейін араға тағы бірнеше уақыт салып, наави тілінің сөздік қоры 1500 сөзге дейін өскен. Бұл тіл құрастырылған кезде лингвистің алдына адам құлағына жат, бірақ жағымды естілуі тиіс, жатталуы тез және айтылуы оңай болуы керек деген үш шарт қойылған. Көпшілік Пол Фроммер қойылған шарттарды жақсы орындап шыққанын айтады. Қазіргі таңда полинезиялық және неміс тілдерінің ұшқындары байқалатын наави тілінің қолданушылардың саны артып жатыр.