- Негізгі бет
- Кино
- Кино қалай түсіріледі?...
Кино қалай түсіріледі?
Әлем киногерлерін кинематографияны әдебиеттен, музыкадан, коммерциялық «трюктерден» бөліп алу мұраты толғандырып келе жатқанына біршама уақыт болды. Осы бағыттағы ізденістердің бірталайының куәсі де болып жүрміз.
Түрік режиссері Нури Билге Джейлан 2008 жылы Канн кинофестивалінде «Ең үздік режиссерлік жұмыс» номинациясын жеңіп алған«Үш маймыл» картинасында музыка қолдан-байды. Тек бір ғана жерінде ұялы телефонның қоңырауында эстрадалық түрік әні ойнайды.
«Хауа ана, бір қызықса, сұмдық еді» (Есенғали) демекші, таршылық айдап кеп, құлқыны жұтқыншағында жүгірген әйел мен пиғылы бұзық еркектің алғашқы, ең алғашқы арбасу сәтіндегі телефон қоңырауы асқан суреткерлікпен экрандалған. Сол сәтте қапырық кабинеттегі беттерін тер жуып отырған осы екі кейіпкер фильмге әсерлі психологиялық реңк үстейді.
Джейлан қайткенде де шын суреткер. Бірақ біздің айтпағымыз бұл емес. Өзі бір сұқбатында осы музыка жайлы: «Біз «Мезгілдер» фильмін түсіріп жатқан кезде Түркияның батысында, иен далада болдық. Автобуста түнеуімізге де тура келді. Түннің бір уағында суықтан көліктің моторы істемей қалды. Сол жерде қалсақ, тоңғаннан қатып өледі екенбіз. Ары-бері қимылдап жүре бастадық. Бір кезде алыстан жарық көрінді, соған қарай бардық. Ішінде от жағып жылынып отырған айдаладағы үйдің жарығы екен. Біреуі сүйген қызы жайында айтып отырды. Түркияда қалыңдықтың отбасына ақша сыйлайтын дәстүр бар. Жігіт қажетті соманы жинау үшін екі жыл бойы талмай еңбектеніп келеді екен. Сүйгеніне үйлену үшін дәл осылай әлі бес жыл жұмыс істеуі керек. Қай тұстан екенін білмеймін, сол жерде «Үш маймылда» телефон қоңырауында мен кейіннен қолданған ән ойнап тұрды. Әлі күнге дейін жігіттің сөздерін де, әнді де ұмытқан емеспін», – дейді.
Әуеліректе, сұқбатты алғаш оқыған кезде өзіміз келтірген осы үзінді маған ерекше әсер етіп еді. Киноның қандай қиыншылықпен түсірілетіні, сөйте тұра мұның өзіндік ләззаты болатыны туралы романтикалық қиялға берілгенім есімде. Осы жақында өзіміз соның бәрінің куәсі болып қайттық.
Сонымен, журналистік зерттеу жүргізу мақсатында режиссер Елзат Ескендірдің жаңа картинасының түсірілімінде іссапарда болдым. Түсірілім алаңында басы артық адамның болуы кедергі келтіретінін айтып, мені ұйымдастыру тобына қосты. Барғасын босқа жүрген бір артық адамның шынында да көп кедергісі болатынын ұқтым. Ақыр аяғы босқа сенделген адамның қозғалысының өзі қажетсіз дыбыс ретінде жазылып қалуы мүмкін. Ұйғыр ауданына қарасты Аваттың каналы деген қыстауға орналастық. Шонжыдан да, Аваттан да қашық жер. Топырағы құмды, төңіректе тоғай көп. Сексеуіл, жыңғыл, жидек өскен өңір Қызылорданың табиғатын еске салады. Бұған үнемі азынап соғып тұратын желді қосыңыз. Мұнда тығыз орналасқан халық жоқ. Төрт-бес шақырымнан кейін жалғыз үй, тағы төрт-бес шақырымнан кейін екі-үш үй. Жазда көбінде ешкім тұрмайды екен. Кең қоралары бар үйлер қыста мал ұстағанға ыңғайлы. Сондықтан малшылар қыста ғана осында қыстап шығады. Біз Меңтай есімді аңшының үйіне түстік.
Меңтай да бір үйір жылқысын, басқа да малын осында күн жылынғанға дейін ұстайды екен. Онымен бірге Марат есімді ұйғыр кісі тұрады. Азды-көп сиырын Меңтайдың сиырына қосқандықтан, екеуі қыс бойы әйел-баласынан жырақта жалғыз үйде күнелтеді. Дәлізі, асханасынан бөлек үш бөлмесі бар тамның бір бөлмесінде үй иелері жатты да, қалған екі бөлме бізге тиді. Оның үлкен бөлмесінде кілең ер азаматтар, кіреберіс бөлмеде аспаз апайлар ұйықтайды. Таңғы және кешкі тамағымызды сол кіреберіс бөлмеде ішеміз. Түскі ас түсірілім алаңында. Кіреберіс бөлменің бір бұрышына монтаж үстелін орналастырып қойдық. Виталик есімді жігіт таспаға алынған материалдарды сол жерде бірден монтаждап отырады. Таспаға алынған дүниелерді бірден монтаждап отыру өте тиімді әдіс. Түсірілім барысында режиссер көлемі планшеттей ғана монитордан қарап отырғандықтан, қателіктер байқалмай қалуы мүмкін. Ал дыбыс пен таспа үйлестіріліп өңделген күндізгі жұмысты кешкісін үлкен монитордан қарау жетіспей тұрған кемшіліктерді уағында түзеп отыруға ыңғайлы. Кейде бүгінгі жұмыс үлкен монитордан қаралғанның арқасында ертесі не бірнеше күннен кейін қайта түсіріліп жатады. Бұл сапалы кино жасауға деген қажыр мен жауапкершіліктің көрінісі. Режиссерлер көбіне түсірілім процесі толықтай аяқталғаннан кейін ғана монтажға отырады. Жетіспей тұрған дүниелерді түзеуге енді кеш: түсірілім тобы әлдеқашан таратылған, ақша игеріліп болған.
Сценарийдің қалай өрілгені жөнінде айтуға менің құқым жоқ. Бірақ адам мен табиғаттың өзара жымдасуы, арбасуы, мұңдасуы негізінде жазылғанын айта аламын. Елдімекеннен жырақ, шалғайдағы малшының құжырасы «әңгімесі таусылған» жандарға айналғанда, адам табиғатпен диалогқа түседі. Сөзбен емес, өзегімен. Біздің түсірілім көбінде далада, төрт түлікпен өткенін осыдан-ақ аңғаруға болатын шығар. Бес жүзге тарта қой, қырық-елу сиыр, бір үйір жылқы, алты ит, екі есек жалға алынғаны да содан. Қойды жалға алғанда иесі шопанын қосып берді. Уақ малдың өріс ауыстырғанда бірден жерсініп кете қоюы да қиын. Бау-бау шөп түсірдік. Таңертеңгісін жайылымға шығармас бұрын он бес бау, кешке тағы он бес бау шөп саламыз. Соның өзінде қампайтып тұрған мериностың биязы жүні ғана. Түсірілім алаңы (локация) біз орналасқан аңшының үйі секілді аулақтағы жалғыз там. Қорасы үлкен. Ішкі қорада суықтан қорғалап уақ малды ұстадық. Сыртқы қораның бір бөлігінде сиыр, бір бөлігінде түсірілім уағында қой қамалады. Біз орналасқан үйде су болмаса да, жарық бар, ал локацияда су да, жарық та жоқ. Электр жарығы үшін генератор қолдандық. Түсірілім кезінде генератор қоса алмаймыз, гүрілдеген дыбысы жазылып қалады. Үйдің ішін (интерьер) түсіргенде жарық керек болғандықтан, генераторды ішкі қораның түкпіріне үстін киізбен бастырып қойып қостық. Ал экстерьерге генераторды пайдалану пайдасыз. Сонсоң продюсер сым тартқызып, бағаналар арқылы электр тарту қамына кірісті.
Қойдың иесі қосып берген шопаннан бөлек, малға жауапты өзіміздің бір жігіт бар. Жылқы, сиыр, иттер де соның жауапкершілігінде. Екеуі түсірілім кезінде үлгермейді. Физикалық тұрғыдан мүмкін емес. Қоюшы суретшілер үшеу де, ұйымдастыру тобында екі жігітпіз. Әрқайсымыздың мойнымызда бірнеше жұмыстан бар. Бәріне үлгеруге біз де қауқарсыз едік. Сондықтан ішінара малға жауапты кісілер, суретшілер, ұйымдастыру тобындағылар бірігіп жұмыс жасайтын болдық. Әсіресе, төрт түлікпен түсірілім кезінде бәріміз малдың соңында жүреміз. Натураға (табиғат аясына) шыққанда қолға үйретілмеген үйір жылқы, бес жүзге тарта қой, сонымен бірге иттер бір сахнада түсірілді. Бұған қой жайып жүрген кейіпкердің астындағы атын қосыңыз. Осының бәрі кино тілінде тірі реквизит деп аталады. Үйретілмеген үйірді камера қойылған ракурсқа дәл орналастыру мен сол ракурсқа бес жүз қойды тура бағыттау өте қиын. Текелер қайда тартса, қой байғұс бытырап соның артынан ілесе кетеді. Ал сіз: «Мотор. Камера. Басталды!» – деген пәрменнен кейін қойды бағыттамақ түгілі, орныңыздан қозғала алмайсыз. Тақыр жер болса бірсәрі, басқан қадамыңыз қарда сықырлап қатты естіледі.
Толық құраммен түсірілімге кіріспес бұрын дайындық кезеңі болғаны көп көмектесті. Дайындық кезеңі екі рет жасалған. Әуелгісінде локация таңдалып, түсірілім болатын жерлер анықталған. Интерьер, экстерьер жөндеуден өткесін, екінші реткіде актерлер құрамы, оператор, қоюшы суретшілер алдырылып, негізгі сахналар таспаға алынған. Бізде бірінші дайындық кезеңін жүргізіп, толық түсірілімге сосын кірісетін режиссерлер бірен-саран ғана. Дайындық кезеңінде де кәдімгі түсірілім жүреді. Бәрі кәсіби түрде. Бір сахнада қанша кадр болатыны, камера қай тұстан қойылатыны, түсірілім алаңының фактурасы, реквизиттер, киімнің үйлесімі, актерлердің ойыны негізгі түсірілімге дейін анықталып қояды. Режиссер енді өзіне не керек екенін біледі. Бұл әрі уақытты әрі қаржыны үнемдеуге, сонымен қатар сапалы өнім беруге үлкен сеп.
Осы дайындық кезеңінің арқасында жұмыс мейлінше жылдам, түсірілім сапалы жүріп жатты. Бізді қинаған көбінде басқа дүниелер. Қатынайтын жеріміздің дені – топырақ жол. Жаңбыр-қар суынан ойдым-ойдым. Шонжыға қатынайтын күрежол аулақта. Оның өзі кеңес заманынан қалған күйі сол қалпы, шұрық-тесік. Өзіміз қатынауға да, жүк тасығанға да арнайы көліктер жалдағанбыз. Әйтсе де, шопыр тұрақтамай-ақ қойды. Көліктер де жиі бұзылады. Түнгі суықтан көліктердің майы қатып қап, түске дейін оталмай қойған кездері болды. Бір күн босқа кетті дей беріңіз. Ал күндікке айналып жатқан ақшаның жайы тіптен қиын. Аспаздар да жиі ауысады. Түсірілім тобында вегетариандардың болуы да бір мәселе.
Ұйғыр ауданы Жетісуға жатса да, табиғаты мүлде бөлек екенін айттық. Құмдауыт даланың қары тез еріп кетеді. Экстерьердегі үш күндік жұмыстан соң есіктің алдындағы қар еріп, қара топырағы шықсын. Есік алдында, қора маңында түсіретін әлі қаншама сахна бар. Қар төсейтін машиналар алдыруға қаржы жеткіліксіз. Суретшілер, ұйымдастыру тобы, малға жауапты жігіт, бәріміз бірігіп күнде түнде жұмыс уақытынан кейін тауға жақын алпыс шақырымдай жерге барып, бір «Газель» қар әкелеміз. Сонсоң оны қолмен сеуіп шығамыз. Түнгі аязда саусақтарың бүгуге келмейді. Осы жолы қардың қандай ауыр болатынын сезініп қайттым. Кәдімгідей салмағы болады екен-ау!
Түсірілім тобындағылардың дені жас. Өнерге берілген жігіттер. Бір ауыз сөзге келмей, қарды қолмен сеуіп тұруға өздері сұранды. Мұнымыз бес күнге жалғасты. Таңертең қойды шығарғанда, бір жүріп өткеннен-ақ қарды тып-типыл етеді. Күн шығады да үйдің айналасын ерітіп жібереді. Бір жағы бір күндік уақиғалардың біразын қармен таспалап қойғандықтан, бір жағы сценарий бойынша қар болуы ләзім. Осыдан кейін натураға шығып кеттік. Даланың қары әлі ерімеген еді.
Сахналардың көбі негізінен бірнеше нұсқада жасалды. Кейде кадр алмаспайды, реквизиттер мен актердің қимылдары өзгереді. Кейде кадр да, реквизиттер мен актерлердің қимыл-қозғалысы да өзгереді. Интерьер мен экстерьерді де өзгертіп түсіретін жағдайлар болып жатады. Бәрі орынды. Монтаж кезінде материал жетпей қалмайды, артығымен, нұсқа-нұсқасымен болғаны жақсы. Тағы бір ескеретін жағдай, біздегі режиссерлердің басым көпшілігі бірнеше нұсқада түсірілім жасамайды…
Бұл картинаның атауы «Адасқақ» болмақ. Сценарийдегі атауы басқа болып, монтаждалып, көрерменмен қауышқан кездегі атауы басқаша өзгерген фильмдер кинематография тарихында өте көп. Бірақ «Адасқақ» алмаспаса керек. Бұл – ұлттық атау. Өзге тілге аудара салуға жар бермейтін сөз, поэтикалық, сакральдық мағынадағы сөз. Қала берді, сценарий авторы да Елзаттың өзі. Жазуға отырған сәтте-ақ әбден пісіп сүйкелген атау бұл.
Сонымен, «Адасқақтың» натурадағы түсірілімдеріндеміз. Қой бастапқыда екеуден, үшеуден төлдеп жатқан. Ендігі күнде бес-алтыдан төлдейтінді шығарды. Түсірілім жүріп жатқан уақытта да төлдейтін болды. Қозылар әлсіз, қолдан ауыздандырмасаң, еме де алмайды. Түнде жігіттер қолға фонарь алып, кезекпен қораны аралап шығады. Туған қой болса, қозысын үйге алып кіріп, жылы жерде ұстаймыз. Таңға жуық қозылап қойса қиын. Суықта үсіп қалуы ықтимал. Жаппай төлдеуге әлі айға жуық уақыт бар негізінде. Ерте қашқан қойлар ғой бізді әуреге салған.
Сөйтіп жанталасып жүргенде даладағы қар еріп кетті. Экстерьердегі жағдай натурада қайталанды. Тек енді «Газельмен» қар тасып даланы ағарта алмай-тынымыз айдан анық. Мүмкін үш-төрт күннен кейін, не бір аптадан кейін жауар. Ауа райы болжамын түсірілімнің алғашқы күндерінен-ақ бақылап отырамыз. Қазгидрометтің хабарлауына сенсек, бір аптаның ішінде тағы қар түсуге тиіс. Ал біздің табиғатты айтқанымызға жүргізе алмайтынымыз анық. Түсірілім тобы қар түскенге дейін интерьерді таспаға алу үшін локацияға оралды.
Қазіргі орыс киносының мақтанышы Андрей Звягинцев соңғы картинасын түсіріп жатқанда біздікіне ұқсас жағдай болыпты. Оған қарашаның тымырсық атмосферасы керек болады. Түсірілім тобы жұмысқа кіріскенде бірден қар басады. Қанша күн күтуге болады? Бұл қыстың нышаны. Амалсыздан жапырақсыз қарашаға ұқсайтын ерте көктемге дейін түсірілім тоқтатылады. Несі бар?! 2017 жылғы 70-Канн кинофестивалінде фильм «Қазылар алқасының арнайы жүлдесіне» ие болды. Бағымызға орай, біздің алдымызда әлі бір ай қыс бар еді. Оның үстіне, натура мен интерьер
түсірілетін локацияның арасы соншалық қашық емес. Түсірілімді тоқтатудың да, біраз уақытқа шегерудің де еш реті жоқ. Түсірілім тобы интерьерге көшті, ал менің іссапарымның уақыты тақады да, Алматыға қайта оралдым.
«Адасқақ» – авторлық бағыттағы фильм. Түсірілімге қажетті соманың үштен біріне де жетпейтін қаражатқа жасалып жатыр. Міне, авторлық бағыттағы фильмдердің жай-күйі. Шүкір, авторлық бағыттағы режиссерлеріміз баршылық. Десек те, жеткілікті қаржымен түсірілім бастаған бірде-бір режиссеріміз жоқ. Авторлық бағыттағы режиссеріміз жоқ. Біз бұл сөзді арнайылап белгілі бір адресатқа қаратып айтып отырған жоқпыз. Сөз иесін табады…
Меценат деген қауым болушы еді. Руханиятқа бөлетін капиталының негізгі бөлігін «хәлаулай» айтысқа емес, осы киноға, авторлық киноға салудың маңызы ауадай қажет екенін солар ұғынса еді, шіркін!
Р.S. Қазір режиссерлер сценарийді қалай жазатынын білесіз бе? Уақиғаның қай жерде өтетінін, актерлердің жас ерекшелігінен бастап, киімін, қандай реквизиттер қолданылуы мүмкін екенін тікелей қаржымен байланыстырып ойлап отырып жазады. Сөйте отырып, жанның ең терең қараңғы түкпірлеріне психологиялық, философиялық талдау жасауға ұмтылады.
Ал менің жазушы досым уақиғаны қай жерде өрбітіп жазамын десе де өзі біледі…
Міне, кино түсірудің бір ерекшелігі һәм қиыншылығы да осында. Сонымен мен журналистік тапсырмамен арнайы барып қатысқан жаңа бір қазақ кинотуындысының өзім болған кездегі баяны осылай. Мен Алматыға қайтып келіп, осы мақаланы жазуға отырдым. Мақаламды аяқтар кезде түсірілім алаңы бүгін тағы да түсіме кіретін шығар деп ойладым. Айдаладағы аңшының үйі, сүйектен өтетін қара суық, қайыру бермей бытырап қашқан бір отар қой, қалың тұяқ астында тапталған қар… Жаңа ғана өзіміз қолмен сепкен қар…
Үсен ТОРТАЙ
www.zhasorken.kz
А. Оралқызы