- Негізгі бет
- Кино
- “Қазақты бейшара етіп...
“Қазақты бейшара етіп көрсетуді қашан қоямыз?“ Дулат Исабеков
Қазақстандық режиссер Данияр Саламаттың Шанхай фестивалінен "Алтын кубок" иеленген "Талақ" фильмі отандық кинопрокатқа жол тартқалы бері сынға жиі ұшырауда. Жазушы, драматург, Қазақстан Республикасы Мемлекеттік сыйлығының лауреаты Дулат Исабековтен аталмыш фильмге қатысты ойын сұрап білдік. Мassaget.kz тілшісінің материалында.
Жазушы Бейімбет Майлиннің "Талақ" және "Әже" әңгімелеріне негізделген "Талақ" фильмі 2023 жылы түсірілді. Фильмде ажырасу және "талақ" мәселелерінің әлеуметтік және діни тұрғыдағы күрделі аспектілері көрсетіледі. Толықметражды фильм 12 қыркүйектен бастап еліміздің барлық кинотеатрларында прокатқа берілді.
Жазушы Дулат Исабеков аталмыш фильмді сынға алып, отандық киноөнімдердің кемшін тұсын атап берді.
"Қазақ фильмдерінің бір ауруы бар. Сол Бейімбет заманындағы қазақтарды бейшара, әбден құрыған, үстіндегі киімдері де жыртық-жыртық, беттерін әбден тозған етіп көрсетіп қояды. Көргенде қазақ болғаныңа жаның ашып кетеді. Бейімбет қазақтың күйін өз шығармасында фильмдегідей суреттеген жоқ. Бұл фильм не үшін түсірілді? Мен соны түсінбедім. Идея неде? Автор не айтпақ болды? Данияр Саламатты талантты режиссер ретінде білеміз. Бірақ "Талақ" әңгімесін не үшін алды? Бүгінгі заманмен қандай үндестігі бар? "Талақ" деген нәрсе осы заманда бар ма, жоқ па? Қазір ол нәрсе атымен өшіп кетті ғой. Оны қайтадан жаңғыртып, ескі тарихты тоздырғаннан не түседі? Адамдардың тағдырларында оқшау тағдыр жоқ. Фильм белгілі бір тағдырға негізделген болуы керек қой. Мен режиссер болсам, Бейімбеттің "Талағын" түсірмес едім. Оның керемет шығармалары толып жатыр ғой. "Шұғаның белгісін" неге түсірмеді? Махаббат десең махаббат, заман десең заман бар. "Талақты" таңдағанына таңым бар", – дейді драматург.
Сондай-ақ ол қазақ фильмдеріндегі "қазақ образына" көңілі толмайтынын қосты.
"Қазақты бейшара етіп көрсетуді қашан қоямыз – осы? Бәлкім, қазақ одан да жаман үйде тұрған шығар. Бірақ соны насихаттап, көрсете беру қаншалықты дұрыс? Егер оны шетелдік адамдар көретін болса, шынында біздің жабайы екенімізді анық көреді. Мынандай бейшара халықтан ұлы адамдар шығу мүмкін емес дейтін еді. Фильмдегі адамды киімі ғана емес, рухы да тозып кеткен адам етіп көрсетеді. Фильмді көру кезінде басқа шығармасын түсіру керек еді деген идеяда отырдым. Режиссердің не айтқысы келгенін, қандай идея ұсынбақ болғанын түсіне алмадым. Режиссер тақырыпты игеруде көркемдік дәрежеге көтере алмаған. Сондықтан маған актерлердің ойыны да ұнамады. Тарихи кино көрсем, сол кездегі адамдардың кескін-келбетіне жыным келеді. Әйелдерді де әбден тозып біткен, бейшара кейіпте көрсетеді. Жалпы кино көңілімнен де, жүрегімнен де орын ала алмады", – деді Исабеков.
Сонымен қатар ол отандық тарихи фильмдердің де сапасын сынап, қазақ режиссерлерінің тарихи тақырыптарды түсіруде әлі де ақсап тұрғанын айтты.
"Бұдан бөлек, "Қазақ елі" деген сериал түсірілген еді. Ол бір түсініксіз фильмдердің бірі болды. Онда да жабайы қазақтар, бейшара қазақтар жүреді. Неге солай түсіруге құмармыз осы? Бәлкім, шынайы өмірді көрсеткісі келді ме? Мәселен, "Талақта" көркемдік шығарманы түсіріп жатырмыз ғой. Оны көркемдеп беру керек еді. Тарихи шығарманың өзінде де олай бейшара қылып беруге болмайды. Тарихи тақырыптарды дұрыс меңгере алмай жатырмыз. Шынайы өмірді көрсетеміз дейді де, натурализмге кетіп қала береді. Сол себепті де, фильмдерді көркемдік дәрежеде меңгеруіміз төмен болып тұр", – дейді ол.
Киносыншы Дана Әмірбекова да "Талақ" фильмінің көркем шығарма желісінен ауытқығаны жайлы айтты.
"Кино саласын зерттеуші маман ретінде маған фильмнің мазмұнынан бөлек, оның формасы да аса маңызды. Бұл тұрғыда киноға қарағанда театрға басымдық беріп, статикалық жалпы планмен алынған ұзақ эпизодтардан құралған фильмнің алғашқы кадрларынан-ақ құдды бір таспаға басылған спектакль көріп отырғандай әсерде боласыз. Себебі киноға тән пландар мен ракурстардың алмасуы, ішкікадрлы монтаж сияқты тәсілдер жоқтың-қасы. Өкініштісі, фильмнің мазмұны мен формасы мүлде үйлеспейді! Неліктен? Өйткені фильмге негіз болып отырған «Талақ» төңірегінде өрбитін сюжет пен режиссерлік шешімдер қарама-қайшы: Майлиннің күлдіріп отырып жылататын шығармалары абсурдизм мен юмордан тұрады, алайда Данияр Саламат пайдаланған монтаждың ритмі тым баяу, мазмұнына сай келмейді. Қарапайым тілмен айтқанда, фильмнің материалы Чарли Чаплиннің фильмдерінің стилистикасына келеді, бірақ оны Данияр Саламат өте салмақты, Тарковскийдің мәнеріне жақын авторлық фильмдерше түсірген. Осының салдарынан экрандалып отырған материал белгілі бір стильден ауытқып, қай жерінде күліп, қай жерінде жыларын білмей дал болған көрерменнің қабылдауында диссонанс туындатады", – дейді ол.
Онымен қоса, киносыншы актерлердің шығармадағы кейіпкерлерді аша алмағаны жайлы сөз етті.
"Карикатуралық мәнерді ұстанған актерлердің мінездері де тереңінен ашылмаған. Жағымды және жағымсыз кейіпкерлердің рөлдеріне тікелей еніп, экспрессияға беріліп, асқан пафоспен ойын көрсеткен актерлерге нанбайсың. Протагонист үшін уайымдап, қайғырмайсың, антагонистке қарай отырып езу тартқаннан басқа сезім тумайды. Себебі оқиғаның басынан аяғына дейін бірбеткей, трансформацияға ұшырамайтын кейіпкерлердің ішкі тартысы көрінбейді, мінез қақтығысы ашылмайды"
Дана Әмірбекова да Дулат Исабековтің дегенін қостап, фильмдегі костюмдердің кейпіне қарап, "іші ашитынын" айтты.
Д. Литпин"Фильмде байлар мен кедейлердің айырмашылығы да нақты суреттелмеген. Олардың киім киістері де, тұратын үйлерінде де айырмашылық аса жоқ. Кино табиғаты көркем образдан тұрса да, нақтылықты талап етеді. Фильмдегі костюмдерге қарап ішің ашиды. Өмір бойы жоқшылық көріп өмір сүрген кедейлердің жамау-жамау киімдерін көрсеткен соң, байлардың да сән-салтанатқа толы өмірін көрсету режиссер тарапынан объективті болар еді. Өткенге үңілсек, ол кездің байлары асыл тастар тағып, үлде мен бүлдеге оранып, әсем үйлерде тұрған. Жазда – жайлауға, күзде – күзеуге, қыста – қыстауға, көктемде – көктеуге көшіп жүрген ата-бабамызды қоршаған табиғат тек жазық дала мен тақыр жоталардан тұрмағаны айдан анық. Фильмді көрген көрерменде қазақ халқы тым мүсәпір, жабайы болған екен деген көзқарас қалыптасады. Иә, әр ұлттың тарихында жүдеген, жүнжіген кезең бар. Солай бола тұрса да, кино болғандықтан эстетиканы сақтану абзал", – деп қосты ол.