Қазақстандық «Теңіз қасқыры» Ташкенттік кинофорумда бақ сынауда

«City Makon» мәдени-танымдық орталығында "Алтын Гепард" II Халықаралық Ташкент кинофорумының ашылу салтанаты өтті. Шараның ұраны - "ХХI ғасыр өркениеті: мәдениеттер диалогы".

"Алтын гепардтың" конкурстық бағдарламасы үш бағыттан тұрады: толық метражды көркем фильмдер, қысқаметражды фильмдер және анимациялық кино конкурстары.

Бұл жылы шараға Еуропа, Азия, Африка, Солтүстік және Оңтүстік Америкадан 45 мемлекет қатысуға өтініш білдірген. Айта кетелік, биылғы кинофорумда қазақстандық қысқаметражды "Теңіз қасқыры" фильмі де бағын сынайтын болады.

Шараның ашылу салтанаты 30 қыркүйек күні Өзбекстанның эстрада және кино жұлдыздары мен режиссерлерінің, сонымен қатар шет елден келген қонақтардың қызыл кілемнен жүріп өтуімен басталды. Бұдан кейін форум қатысушылары «City Makon» кинотеатрына бет бұрды. Қонақтарды ұйымдастыру комитетінің төрағасы Гүлнара Каримова күтіп алып, құрмет көрсетті.

Кеш сандық форматқа ауыстырылған өзбек халқының алғашқы фильмі "Екінші әйел" туындысымен жалғасты.

Айта кетелік, 5 қазанда аяқталатын кинофорумның ұйымдастырушысы "Өзбеккино" Ұлттық агенттігі мен "Форум" қоры болып табылады.

Дайындаған: Еркебұлан Қайрахан

сурет: uzdaily.uz