- Негізгі бет
- Кино
- Қазақстандық режиссер "Крестный...
Қазақстандық режиссер "Крестный отец" трилогиясының продюсерімен бірге фильм түсіреді
Қазақстандық кинорежиссер Саламат Мұхаммед-Әли әйгілі "Крестный отец" трилогиясының продюсері, "Оскар" сыйлығының лауреаты Грей Фредиксонмен бірге фильм түсіреді, − деп хабарлайды Almaty.tv.
Телеарна мәліметінше, картина "Құлдар" ("Рабы") деп аталады. Фильмде жоғары білімді қаракөз қыздың тағдыры баяндалады.
"Фильм Қазақстаннан шыққан өте дарынды қыз туралы. Ол қылмыстық оқиғаларға байланысты Нью-Йоркке барады. Ол жақта өте бай адамның қолына тұтқынға түсіп, құлға айналады", − деді режиссер Саламат Мұхаммед-Әли. Ол түсірілімнің 90 пайызы АҚШ-тың Оклахома штатында өтетінін, ал қалған эпизодтарды Қазақстанда жүргізу жоспарланғанын айтты.
Қазір сценарийдің соңғы нұсқасы жазылып, инвесторлармен келіссөздер жүріп жатыр. Шығарманың басты рөлдерінде АҚШ актерлері мен отандық әртістер ойнайды деп жоспарланған.
Айта кетейік, Саламат Мұхаммед-Әлидің бұған дейін "Бүкіл әлем аяғымыздың астында" фильмі шыққан болатын. Фильм Әлия (Қарлығаш Мұхамеджанова) есімді жас қыз туралы. Ол тағдырдың жазуымен қылмыстық ортаға түседі, бірақ ол еш берілместен қылмыстық әлемнің "кіндік аталарына" қарсы шығады.
Дереккөз: tengrinews
С. Ерсін