Ш. Айманов Қазақфильм киностудиясынының Дебют шығармашылық және өндірістік бірлестігі түсірген Хат атты қысқаметражды фильмі 3-8 мамыр аралығында Германияда өтетін 64-ші халықаралық Оберхаузен кинофестивалінің (Internationale Kurzfilmtage Oberhausen) негізгі байқауына іріктеліп алынды. Режиссер Әділ Мұсатаевтың дебюттік картинасы өзінің анасына хат жазғысы келетін балалар үйінің тәрбиеленушісінің өмірінен сыр шертеді. Фильм Өскемендегі балалар үйінде болған шынайы оқиғаға негізделген. Оны маған досым әңгімелеп берген болатын. Мен бірден дайын драматургия көрдім. Тек оны кино тілінде сөйлету ғана қалған болатын. Фильмнің әлемдік премьерасы осындай беделді фестивальда өтетініне өте қуаныштымын , - дейді режиссер-дебютант Әділ Мусатаев. Байқаудың ресми сайтында оғанАҚШ, Қытай, Египет, Аргентина, Бразилия, Үндістан, Франция, Жапония, Финляндия, Ресей сынды елдерден жалпы саны 5902 өтініш келіп түскені жазылған. Негізгі байқауда 33 елден 53 жұмыс бақ сынайды. Оберхаузен қаласында Халықаралық кинофестиваль әлемдегі ең көне қысқаметражды фильмдер фестивальдерінің бірі (1954 жылы басталған). Алпыс жылдан астам уақыт бойы фестиваль қысқаметражды фильмдердің әлемдегі ең маңызды институттарының бірі болып келді. Жаңа үрдістер және есімдердің шығуына түрткі болды. Бұл фестивальде Мартин Скорсезе, Джордж Лукас, Роман Полански сынды талантты режиссерлердің алғашқы туындылары көпшілік назарына ұсынылған.