- Негізгі бет
- Кино
- Қазақстан «Әлемдегі ең...
Қазақстан «Әлемдегі ең үздік жұмыс» конкурсының жартылай финалында
Қазақстандық Айдар Байсалбаев Австралияда өтіп жатқан «Әлемдегі ең үздік жұмыс» конкурсының келесі кезеңіне арнап бейнеролик түсірді. Жартылай финалдың қорытындысы 15 мамыр күні белгілі болады.
Байсалбаевтың айтуынша, конкурстың шарты бойынша әр бір конкурсқа қатысушы үміткер неғұрлым өтімді тақырыпты қолға алу арқылы өз шығармашылығын ұсынуы керек. Олардың кейбірі тек фотосуреттермен ғана шектеліп жатса, кейбірі бейнеролик түсіріп жатыр. Шарттардың тағы бірі – қатысушылар туындыларына танымал адамдарды да қосуы керек. Сондықтан да қазақстандық Айдар Байсалбаевтың бейнеролигіне екі дүркін Олимпиада жүлдегері Илья Ильин түскен. Шетелдік байқауда бақ сынайтын туындыда бой көрсеткен тек Илья ғана емес. Онда қазақстандық цирк әртісі Мұрат Мұтырғанов пен әнші Сон Паскаль, «Астана» командасының ұшқышы Артур Ардавичус және тағы да басқа танымал адамдар бар.
Байсалбаевтың сөзіне сенер болсақ, оның шетелге шығатын шығармашылық бейнеролигіне түсуге жоғарыда аты аталған жұлдыздардың ешқайсысы да бас тартпапты. «Мен оларға Қазақстанның атынан шығатын жалғыз қатысушы екенімді айтқанда, бәрі де менің бейнероликке түсу туралы ұсынысыма шын көңілдерімен келісе кетті. Мен Қазақстанда тұратын белгісіз жігіттің қандай дарыны барын көрсеткім келеді», - дейді ол.
Қатысушының сөзінше, Илья Ильин бейнероликке Skype желісі арқылы түскен. Өйткені бұл кезде чемпион Қазақстанда болмаған.
Байсалбаев 600 мың адам қатысуға ұсыныс білдірген әлемдік бұл конкурста жартылай финалға өткен 150 үздіктердің арасында бар. «Әлемдегі ең үздік жұмыс» конкурсының жартылай финалының қорытындысын 15 мамыр күні білетін боламыз. Ал ақтық мәреге 150 үміткердің ішінен тек 18 үздігі ғана шығатын болады. Олар өз жұмыстарын алып Австралия еліне аттанатын болады.
Айта кетерлік жайт, «Әлемдегі ең үздік жұмыс» конкурсы 2009 жылдан бері өткізіліп келеді. Айтпақшы, елімізден осы уақыт ішінде бұл конкурстың жартылай финалына ешқандай да жерлесіміз қатысып көрмеген.
Дайындаған: Ақерке Әбілхан
Сурет: tengrinews.kz
А. Әбілхан