- Негізгі бет
- Кино
- "Қазақфильмнің" жүзден...
"Қазақфильмнің" жүзден астам кинокартинасы ірі видеосервиске жүктелді
Бүгін "Қазақфильм" киностудиясында баспасөз жиыны өтті. Жиын барысында киностудия өндірген картиналар ТМД мен Шығыс Еуропадағы ірі видеосервистердің бірі MEGOGO-ге шығарылғанын хабарлады.
1 қыркүйектен бастап, қазақстандық студияның жүзден астам фильмнен тұратын каталогы бүкіл әлемге қол жетімді болады. Баспасөз отырысындағы спикерлер: "Қазақфильм" атынан сату және маркетинг секторы жетекшісінің міндетін атқарушы Жанна Манабай, аталған сектордың менеджері Маржан Бейбітова, баспасөз қызметінің жетекшісі Айнұр Исаева және MEGOGO компаниясы атынан Видеосервистің Орталық Азиядағы кеңсесінің бас директоры Нұрлан Чукубаев болды.
Видеосервистің Орталық Азиядағы кеңсесінің бас директоры Нұрлан Чукубаев: "MEGOGO-дің контент саясатының бір бағыты – жергілікті өндірілген фильмдердің көрсетілімі. Бұған әлеуметтік сұраныс бар және мәдени маңызы да бар,» -деді. «Соңғы жылдардағы қазақстандық фильмдер әлемдік деңгейде мойындауға лайықты. Бізде көрсететін дүние бар. Егер барлық фильм шетелдік кинотеатрларда көрсетілмесе, жинақталған каталогқа көрермен онлайн түрде қол жеткізе алады. Оның үстіне, каталог ХХ ғасырдың шедеврлеріне толы," - деп Нұрлан Чукубаев ерекше атап өтті.
Қазіргі уақытта "Қазақфильм" АҚ-ның онлайн-кинотеатрға ұсынған ұлттық киномұрағатында 150 фильм бар. Оның ішінде 148 көркем фильм, 1 деректі фильм ("Мәдени мұра" атты 10 сериялық цикл), 1 сериал ("Астана – махаббатым менің" көп сериялы фильм) бар. Қол жетімді картиналар платформасында қазақ киносының алтын қорына енген: "Менің атым Қожа", "Қыз-жігіт", "Біздің сүйікті дәрігер", "Тақиялы періште", "Көксерек", "Қыз Жібек" және т.б. көптеген фильмдер бар. 2018 жылдың 28 шілдеде жасалған киностудия мен MEGOGO видеосервисінің арасындағы келісім-шартқа сәйкес контентті пайдалану ақылы болады. "Қазақфильмнің" контентін орналастырудан басқа келісім-шарт негізінде MEGOGO видеосервисінде киностудияның жобаларына ақпараттық қолдау көрсетіледі, сондай-ақ осы видеоконтентті лицензиясыз қолдануға қарсы күресті қамтасыз етеді.
"Киностудия өндірген фильмдерге интернет желісінде сұраныс бар. Сондықтан да біз аталған видеосервиске контентімізді шығарып отырмыз. Фильмдер қазақ және орыс тілдерінде қол жетімді болады. Бұл жобаның іске асуы қазақ киносын насихаттауда маңызы зор деп білеміз", - деді "Қазақфильм" АҚ баспасөз қызметінің жетекшісі Айнұр Исаева.
MEGOGO-дің бір айдағы аудиториясын 40 млн. пайдаланушы құрайды. Ресурс каталогында 77 000 видео бар: 5000 көркем фильм және сериал, 1500-ден астам мультфильм, шамамен 45 000 телевизиялық шоу, концерттер мен музыкалық видео, сондай-ақ 20 000 жаңалық бағдарламасы.
А. Оралқызы