2018 жылдың 18 қазанынан бастап отандық прокатқа адам мен бүркіттің достығы туралы баяндайтын толықметрлі анимациялық фильм шығады. Фильмді ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің тапсырысы бойынша Қазақфильм киностудиясы өндірген. Қызықты оқиғаға толық аталған фильмнің режиссерлері Тұрдыбек Майдан мен Тілек Төлеуғазы. Фильмге адам баласының бүркітті қолға үйретуі арқау болған. Оқиға желісі бойынша адам мен құс бір-біріне сенім білдіре отырып, бауыр басады. Сонымен қатар, фильмде қазақтың саятшылық дәстүрі де суреттеледі. Қазақтар бес жасар бүркітті Мұзбалақ деп атайды. Бұл фильммен авторлар бүркіттер және олармен аңға шығу салтын көрсетуді көздеген. Фильм қазақ тілінде жасалып, орыс тіліне дубляждалған. Кинотеатрларға фильм екі тілде шығатын болады, - деді Қазақфильмнің баспасөз қызметінің жетекшісі Айнұр Исаева. Екі жыл көлемінде жасалған бұл фильмде 40-қа жуық кинематографияның осы жанрында еңбек етіп жүрген отандық мамандар істеген. Ұзақтығы 65 минут құрайтын мультфильм 2D және 3D форматында жасалған және әр секундында 24-25 кадр сурет салынған. Кейіпкерлерді дыбыстауға Ержан Жарылқасынұлы, Жанат Тыныбаев, Самат Қордабай, Төлебаев Ерғали Дүйсенұлы, Алма Әділқызы есімді театр және кино актерлері қатысқан.