- Негізгі бет
- Кино
- "Қазақфильм" сценарийлер байқауының...
"Қазақфильм" сценарийлер байқауының жеңімпаздарын анықтады
ҚР Мәдениет және спорт министрлігі тапсырысы бойынша Шәкен Айманов атындағы «Қазақфильм» АҚ-ның «Дебют» шығармашылық бірлестігі 2017 жылы түсірген қысқаметражды фильмдердің арнайы көрсетілімі Алматы қаласындағы «Арман» кинотеатрында өтті. Сондай-ақ мәдени іс-шара барысында сценарийлер байқауының биылғы жеңімпаздар тізімі жарияланды.
Көрсетілім аясында 2017 жылдың соңында өндіріске жіберілген фильмдер, олардың қатарында: «Асан» (режиссері Берік Жаханов), «Шырғалаң» /«Жұт» (режиссері Жандос Еспенбетов), «Соңғы мұғалім» / «Терпимость» (режиссер Ален Рахметалиев), «Өзгеріс»/«Тюбетейка» (режиссер Арман Баймұратов), «Тығылмақ» (режиссер Венера Кайыржанова) картиналары көрсетілді.
Көрсетілімнен кейін фильмдердің режиссерлері, Ш.Айманов атындағы «Қазақфильм» АҚ-ы «Дебют» шығармашылық-өндірістік бірлестігінің жетекшісі Анар Қашағанова мен аталған бірлестіктің көркемдік жетекшісі Дәрежан Өмірбаевтың қатысуымен баспасөз отырысы өтті.
Баспасөз конференциясы барысында бірлестіктің жетекшісі Анар Қашағанова бұл көрсетілімнің басты мақсаты – жас режиссерлердің жұмыстарын қолдау әрі ынталандыру, өскелең кинематографистердің дебюттік фильмдеріне қызығушылық арттыру екенін айтты.
- «Дебют» шығармашылық-өндірістік бірлестігі жыл сайын отандық кинематографты бірқатар жаңа есімдермен толықтырып отырады. Біздің бірлестікте түсірілген қысқаметражды фильмдер халықаралық кинофестивальдерде лайықты бағасын алып, марапаттарға қол жеткізіп жатыр. Мысалы «Асан» және «Тығылмақ» фильмдері мамырдың 8-і мен 19-ы аралығында Францияда өткен Халықаралық Канн кинофестивалінің Short Film Corner бағдарламасы аясында көрсетілді. «Тығылмақ» фильмі жақында ғана өткен «Еуразия» және «Ертіс синема» кинофестивальдерінде де бақ сынады, - деді Анар Қашағанова.
Естеріңізге сала кетейік, «Қазақфильм» киностудиясы биыл да сценарийлер байқауын жариялаған болатын. Байқауға 80-нен астам жұмыстар түсіп, оның 10-ын іріктеу комиссиясы таңдап алған. Нәтижесінде Ш.Айманов атындағы «Қазақфильм» АҚ-ы «Дебют» шығармашылық-өндірістік бірлестігі төменде көрсетілген он қысқаметражды фильмдердің авторларымен өндіріс бойынша келісім жасасты:
«Статусы: бос емес» (режиссер Мәди Балжанов), «Жұлдыздар» (режиссер Бексултан Әнуаров), «Пайдасыз жаратылыстар» (режиссер Жәнібек Мұртазин), «Домбыра» (режиссер Рамазан Халиолла), «Жюль Верн туралы емес» («Сары көйлек», режиссер Талғат Әбішев), «Муза» (режиссер Арман Қайыржан), «Қос ағаш» (режиссер Рахымжан Қалдыгөз), «Тиын» (режиссер Мұрат Есжан), «Тамыз» (режиссер Жандос Кұсайынов) және «Тыныштық әні» (режиссер Бағлан Кұдайберлиев).
Іріктеуден өткен сценарийлердің аннотациялары:
«Пайдасыз жаратылыстар»
Сценарий авторлары: Жәнібек Мұртазин, Бауыржан Молдашбаев.
Режиссері: Жәнібек Мұртазин
Жаңа фильм түсіруге бел буған екі ер адам туралы баяндайды.
«Жұлдыздар»
Сценарий авторы: Асқар Абдоллаев
Режиссері: Бексұлтан Әнуаров
Түн жамылғанда кішкентай қыз ағып бара жатқан жұлдыздарға қарап армандайды.
«Тамыз»
Сценарий авторы және режиссері: Жандос Кұсайынов
Фильм посткеңестік кезеңде облыс қалаларының бірінде тұратын бала туралы. Ол басына түскен қиындықтарды шешуге бел буады.
«Статусы: бос емес»
Сценарий авторы және режиссері: Мәди Балжанов
Сүйген қызының жүріс-тұрысын үнемі қадағалайтын ер жігіт туралы фильм.
«Домбыра»
Сценарий авторы: Рамазан Халиолла, Жанат Жайлыбай
Режиссері: Рамазан Халиолла
Фильмде 8 жастағы Ахмет есімді баланың өмірі баяндалады. Домбыраның құлағында ойнайтын ол Әйгерімнің сұлулығына тамсанып жүріп, аспабын жоғалтып алады.
«Қос ағаш»
Сценарий авторы: Шыңғыс Маманов
Режиссері: Рахымжан Қалдыгөз
Жол апатынан зардап шеккен отбасы туралы фильм.
«Жюль Верн туралы емес» («Сары көйлек»)
Сценарий авторы: Әділ Нұрмұхамбетов
Режиссері: Талғат Әбішев
Анасымен ауылына оралған бала досын іздеп ауылды аралайды. Бірақ бұл кездесу ол ойлағандай бола ма?
«Тыныштық әні»
Сценарий авторы және режиссері: Бағлан Кұдайберлиев
Қазақ КСР-нің орталығы, 1940 жыл. Екі ер адам далада жалғыз тұрған қазақ үйге келіп, бастықтарының тапсырмасын орындамақшы.
«Тиын»
Сценарий авторы және режиссері: Мұрат Есжан
Қайтыс болған әкесін қайтарып алмақ болған бес жастағы бала туралы оқиға.
«Муза»
Сценарий авторы және режиссері: Қайыржан Арман
Фильмде ішімдікке салынып, жұмысынан айырылған Сәкен есімді композитордың тағдыры баяндалады. Бір күні ол сүйіктісін кездестіреді. Алайда оның өмірі өзгере ме?