Фильм «Төретам» деген кенттің атымен аталмақ. Оқиға желісі 2000-шы жылдары Ауғанстаннан атамекенге оралған қандастарымыздың осы елді мекенге келіп тұрақтаған кездегі тұрмыс-тіршілігінен басталады, деп жазады khabar.kz.
Олар бастапқы кезде жұмыссыздық, баспана мен тіл мәселесі сияқты қиындықтарға тап болады. Ауған жерінде түсірілім жұмыстарына рұқсат берілмегендіктен, ол елдегі көріністер көрші Тәжікістанның таулы аймағындағы қыстақтарында түсірілетін болды. Шығармашылық топ жақында Тәжікістанда болып, ауған ауылдарына ұқсас елді мекендерді көріп қайтты. Қазақстандағы түсірілім Балқаш өңірінде өтеді.
Сәбит Құрманбеков, кинорежиссер, суретші: Киноның идеясы 2-3 жыл бұрын келген. Бір отбасының оқиғасы. Ең басты ұйытқы болып отырған – үлкен кісі, 1930-шы жылдары осы жақтан кеткен. Сол кісі еліне келіп, отанына келуді армандаған өмір бойы. Сол бала-шағасы бар, немерелері бар, олар отанына қайтып келеді. Отаны қалай қабылдайды, біздің адамдармен оралған адамдардың қарым-қатынасы туралы.
Шығармашылық топ кино саласында еңбегі сіңген майталмандар мен жас мамандардан құралған. Сценарий авторы – Қазақстанның еңбек сіңірген артисі, актер, драматург Нұрлан Санжар. Кинокартинаның директоры – Тәңірберген Хажиев, екінші режиссер – Болат Ысқақов. Фильмнің бюджеті бекітілген соң шығармашылық топ түсіру жұмыстарын бастайды.
сурет: kaztube.kz