- Негізгі бет
- Кино
- «Қазақфильм» мен белорустық...
«Қазақфильм» мен белорустық киностудия ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойды
Бүгін Шанхай Ынтымақтастық Ұйымы аясында Кытайдың курорттық Циндао қаласында алғаш рет ұйымдастырылып отырған кинофестивальде Ш.Айманов атындағы «Қазақфильм» киностудиясы мен «Белорусьфильм» ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойды. Кинематография саласы мен мәдени байланыстарды дамыту мақсатындағы құжатқа қол қою рәсіміне Ш.Айманов атындағы «Қазақфильм» АҚ Вице-президенті Дәурен Әбдіхамитов пен «Белорусьфильм» ұлттық киностудиясының бас директоры Владимир Карачевский қатысты.
Меморандум бірлескен киноөндіріс сауалдарын реттеуге бағытталған. Сонымен қатар, құжатта киноөндірісті ұйымдастыруға ықпалдастық ету, кинотуындыларды жылжыту және дистрибуциясын жасау, кинематография саласындағы мамандарды тағылымдамаға жіберу мәселелері де қамтылған.
Ынтымақтастық туралы келісімді сөз ете келе «Қазақфильмнің» Вице-президенті Дәурен Әбдіхамитов, аталмыш меморандум екі елдің кинематография саласындағы байланысы мен достық қарым-қатынасы жолындағы маңызды қадам екенін баса айтты.
Шанхай ынтымақтастық ұйымына мүше елдері кинофестивалінің конкурстық бағдарламасына 23 кинолента қатысып отыр. Олардың арасында екі отандық картина – режиссер Рүстем Әбдірашевтің «Алмас қылыш» тарихи фильмі және режиссер Талғат Теменовтың «Біздің қаланың ханзадасы» мелодрамасы. Жалпы кинофестиваль көрермендерінің назарына 60 картина ұсынылмақ.
Сонымен қатар, фестивальде көрермендер Ш.Айманов атындағы «Қазақфильм» киностудиясы түсірген басқа да картиналарды тамашалай алады. Олар: режиссер Ақан Сатаевтың «Анаға апарар жол» әскери драмасы және режиссер Сәбит Құрманбековтың «Оралман» картинасы.
Үздіктерді 12 кәсіби маманнан тұратын қазылар алқасы анықтайтын болады. Қазылар алқасының төрағасы танымал қытайлық продюсер Хань Саньпин. Айта кетелік, қазақстандық режиссер, продюсер Сергей Азимов негізгі конкурстың жюри қатарында.
Қатысушыларды «Үздік фильм», «Үздік режиссура», «Үздік сценарий», «Үздік ер адам рөлі», «Үздік әйел адам рөлі» номинациялары бойынша және қазылар алқасы тағайындаған арнайы жүлдемен марапаттайды.
17 маусымға дейін жалғасатын ШЫҰ аясындағы кинофестивальді ҚХР мемлекеттік кинематография басқармасы мен Шаньдун провинциясының әкімшілігі ұйымдастырып отыр.
А. Оралқызы