Бүгін Ш.Айманов атындағы "Қазақфильм" киностудиясында Наурызға арналған салтанатты мерекелік шара өтті. Шараға қазақ кинематографиясының белді өкілдері – режиссерлер, продюсерлер, актерлер және киностудияның басшылығы мен қызметкерлері қатысты.
Сондай-ақ, мерекелік іс-шараның құрметті қонақтары – №1 балалар үйінің тәрбиеленушілер мен педагогтары болды. Балаларға «Қазақфильм» территориясында экскурсия жасалып, қазақ киносы қара шаңырағының тарихы туралы айтылды. Сонымен қатар, балалар жақында өндіріске жіберілген «Ең сұлу қыз» көркем фильмінің түсірілім тобымен танысты. Түсірілім тобы балаларға «16 қыз» фильмінің дискілерін сыйға тартты.
Мерекелік іс-шарада Ш.Айманов атындағы "Қазақфильм" АҚ президенті Бақыт Қайырбеков келген қонақтарды қарсы алып, сөз сөйледі. Бақыт Ғафуұлы өз сөзінде, Наурыз мерекесінің достық пен бейбітшіліктің мерекесі екенін айта отырып, "биылғы Наурыз мейрамы елімізге жақсылық пен бейбітшілік әкелсін" деп тіледі.
"Қазақфильм" киностудиясының территориясында қазақ үйлер тігіліп, алтыбақан құрылды, сонымен қатар ұлттық спорт жарыстары ұйымдастырылды. Одан бөлек іс-шараның қонақтары наурыз көженің дәмін татып, концерттік бағдарламаны тамашалады. Осы бір қызықты күннің қалай өткені туралы суреттер мен видеоны тамашалаңыздар.