2011 жылдан бері Голливудтың жиырмадан астам кино және мультфильмі қазақ тіліне дубляждалды. Олардың басым бөлігі Disney медиагигантына қарасты студиялардың өнімдері. Ал Disney бар жерде ән де бар. Назарыңызға Youtube кеңістігінде таралған, қазақша дубляждалған фильмдерде айтылған әндерді ұсынамыз.
Әңгімені Pixar студиясының "Батыл жүрек" ("Храбрая сердцем" / "Brave") мультфильмінен бастасақ. Шотланд халқының көне мәдениетін, намыс пен батырлықты дәріптейтін осы тамаша картинаны қазақ көрермендері жылы қабылдады. Бұған аудармашылар да атсалысты, өйткені сонда шырқалған Мақпал Исабекоаваның орындауындағы әндер түпнұсқадағыдай жатық, құлаққа жағымды етіп жазылған.
"Джунгли кітабы" ("Книга джунглей" / "The Jungle Book") киноертегісіндегі Балу мен Мауглидің әні балалардың мерекелік шараларында, саяхат-сапарларда орындауға сұранып тұрғандай. Жеңіл, көңілді композиция. Кейіпкерлерді дыбыстаған – Сағаділдә Үсібәлиев пен Ақарыс Әшімхан.
"Моана" ("Moana") анимациялық картинасы мюзикл болғандықтан, онда бір емес, бірнеше ән шырқалды. Осы мультфильм үшін қазақ тілінде 11 ән жазылыпты. Солардың бірнешеуін ұсынамыз.
Басты кейіпкер Моананы қазақша сөйлеткен – Назерке Серікболова, әнді де осы актриса орындайды.
Жылдың үздік анимациялық фильмі атанып, талай жүлде мен "Оскар" алған "Коко құпиясы" ("Тайна Коко" / "Coco") туындысына келіп жеттік. Бұл да Pixar студиясының мюзиклы. Мексика тематикасын, ырғақты музыканы ұнатасыз ба? Гитаралы латынамерикалық балладаны қазақ тілінде тыңдаудың өзі керемет әсер береді екен.
Бұлар тек көп шығармалардың бірқатары ғана. Өздеріңіз де байқаған шығарсыздар, біздің тілімізге локализацияланған музыкалық шығармалар да, олардың орындалуы да шетелдік түпнұсқадан кем түспейді.
Дереккөз: kinostan.kz