Қазақ киносының классигі 105 жаста

Қазақ киносының классигі, сахна саңлағы – Шәкен (Шаһкерім) Аймановтың 105 жылдық мерейтойы республика көлемінде атап өтілді.

Елбасымыздың "Ұлы даланың жеті қыры" бағдарламалық мақаласындағы "Ұлы даланың ұлы есімдері" бөлімінде: "Көпшіліктің санасында тарихи үдерістер, негізінен, тұлғаландыру сипатына ие болатыны белгілі. Көптеген халықтар өз елінің ерекше елшісі сынды ұлы бабаларының есімдерін мақтан тұтады... мақсатты мемлекеттік тапсырыс ұйымдастыру арқылы қазіргі əдебиеттегі, музыка мен театр саласындағы жəне бейнелеу өнеріндегі ұлы ойшылдар, ақындар жəне ел билеген тұлғалар бейнесінің маңызды галереясын жасауды қолға алу қажет", – дейді. Осыған орай елімізде бірқатар ел есінде есімі өшпейтін тұлғалардың мерейтойлары мемлекеттік көлемінде аталып өтілуде. Соның бірі һәм бірегейі, КСРО және Қазақстан мемлекеттік сыйлығының иегері – Шәкен Айманов. 

Шәкен Айманов 1914 жылы Павлодар облысы Баянауыл ауданында дүниеге келген. 20 жылдан аса уақыт театрда жұмыс істеді. Өмірінің қалған бөлігін қазақ киносының тамыр жаюына арнады. Режиссердің 105 жылдық мерейтойына байланысты туған жеріндегі С. Торайғыров атындағы Павлодар мемлекеттік университеті оpen spaсe форматында кеш ұйымдастырды. 

Кешті "Кино - тарихи дереккөз" киноклубы жоғары оқу орнының "Рухани жаңғыру" институтымен бірлесіп ұйымдастырды. Қазақ киносының негізін қалаушы Шәкен Аймановтың шығармашылығымен танысуға клуб мүшелері мен киносүйер қауым жиналды. Кездесу барысында жиналғандар "Біздің сүйікті дәрігер", "Жамбыл", "Земля отцов" және "Тақиялы періште" фильмдерінен үзінділерді тамашалады. 

Ал туған күні 15 ақпанда Алматыда бір топ режиссерлер, киносүйер қауым, журналистер, Ш.Айманов атындағы "Қазақфильм" АҚ басшылығы және киностудияның қызметкерлері қазақ киносының майталманының ескерткішіне гүл шоғын қойды. 


Ескерткіш басында режиссердің өмірінен естеліктер айтылды. Белгілі режиссер Сатыбалды Нарымбетов: "Шәкен Айманов –  қазақ өнерінің бағына жаралған жарық жұлдыз. Оның  фильмдері ұлттық кинематографтың алтын қорына енді. Сомдаған рөлдері – актерлік шеберліктің нағыз шыңы. Қазақ кино өнерінің дамуына зор үлес қосқан ол Қазақстан кинематографистер одағына жеке ғимарат, сондай-ақ "Қазақфильм" киностудиясын тұрғызып берді. Өмірі парасат пен өнегеге өрілген Аймановтың шығармашылығын келер ұрпаққа жеткізу біздің міндетіміз. Шәкен ағамыздың аруағы қолдай берсін", – деді.

Сондай-ақ, 15 ақпан күні "Ел Арна" телеарнасында режиссердің өмір жолы мен өнер жолына, шығармашылығына арналған "Шәкен Айманов: аңыз адам" деректі фильмі көрермен қауымға көрсетілді.