Қазақ киносын берлиндіктер ұнатты

Қазақ киносын берлиндіктер ұнатты

Эмир Байғазиннің "Үйлесім сабақтары" кеше, яғни, 14 ақпанда Берлиналеде көпшілік назарына ұсынылды. Таңертең өткен пресс-көрсетілім мен пресс-конференциядан кейін кешке таман картинаның премьерасы болып өтті. Бұл туралы Massaget.kz тілшісі "Қазақфильм" киностудиясының баспасөз-қызметіне сілтеме жасай отырып хабарлады.

"Фильмді көпшілік жақын қабылдады. Көрсетілімнен кейін ұзақ уақыт қол шапалақтап қошемет көрсетті. Әсіресе басты рөлді сомдаушы Тимур Айдарбековтың өнері халыққа жақсы әсер қалдырды", - деді фильм продюсері Анна Качко.

Естеріңізге сала кетелік, Массагет бұған дейін Берлиналенің 7 ақпанда басталғандығын және конкурстың негізгі бағдарламасына шара тарихында алғаш рет "Қазақфильмнің" туындысы - "Үйлесім сабақтары" фильмі қатысып отырғандығын айтқан болатын.

Айта кетелік, 28 жастағы режисер Эмир Байғазиннің "Гармония сабақтары" туындысы 2011 жылы VII "Еуразия" Халықаралық кинофестивалі аясында өткен "Киножобалардың қазақстандық нарығында" («Spotlight: New Kazakh Cinema») бас жүлдеге ие болды. Фильм осылайша "Қазақфильм" киностудиясының қаржылай қолдауы мен Халықаралық нарыққа шығуға мүмкіндік алған болатын.

Бұл жылы ұйымдастыру алқасына 3000-ға тарта өтініш келіп түскен екен. Қазақстандық туынды Стивен Содерберг, Гас Ван Сент, Бруно Дюмон секілді режисерлардың фильмімен таласқа түседі.

Жүлде иегерлері ертең, яғни, 16 ақпан күні белгілі болады.

Дайындаған: Еркебұлан Қайрахан

сурет: Массагет мұрағатынан

Massaget