- Негізгі бет
- Кино
- Қазақ киносы жаңа...
Қазақ киносы жаңа туындымен толықты
Ш.Айманов атындағы "Қазақфильм" киностудиясы кезекті өнімінің тұсауын кесті. Романтикалық комедия жанрында түсірілген фильм "Он алты қыз" деп аталады.
Түсірілімі үш айға созылған кинотуындының сюжеті ауыл мектебінде мұғалім болып жұмыс істейтін Бауыржанның басынан өткен оқиғаға негізделеді. Ата-анасының немерелі болғысы келетінін білсе де, шын сезіммен үйленуді қалайтын ол бала кезінде айттырып қойған Алматыдағы қалыңдығы Айжанды үйге алып келуден бас тартады. Дегенмен үлкендердің айласы асып, Бауыржан қызды көруге амалсыздан Алматыға аттанады. Ол Айжанды бір көргеннен ұнатады, бірақ Айжан оған өмірге деген мүлдем басқа жоспарлары бар екенін, жақын арада басқа жігітке тұрмысқа шығатынын түсіндіреді. Одан кейінгі оқиға қалай өрбитінін 3 наурыздан бастап еліміздің кинотеатрларынан көре аласыздар.
Фильмнің ұзақтығы: 96 минут
Жанры: Романтикалық комедия
Сценарий авторы: Қанағат Мұстафин, Жанат Қасабеков
Қоюшы режиссері: Қанағат Мұстафин
Операторы: Айвар Қыдырбаев
Композиторы: Никита Карев
Продюсері: Айдархан Әділбаев
Актерлер: Берік Айтжанов, Аша Матай, Әнуар Нұрпейісов, Күлжамал Қазақбаева, Ғани Құлжанов, Жания Джуринская.
Айта кетерлігі, "Он алты қыз" қазақ киносының озық дәстүріне сай етіп түсірілген. "Тақиялы періште", "Алпамыс мектепке барады", "Біздің сүйікті дәрігер" секілді керемет туындыларды сағынсаңыз, бұл фильм сіздің назарыңыздан тыс қалмауы тиіс. Сонымен қатар, кинотуынды әйгілі "Дос-Мұқасан" тобының "Он алты қыз" әнімен аттас болғандықтан, саундртегке де сол ән алынған. Оны орындайтын танымал әнші Қайрат Нұртас.
Y. Almabek