Тұңғыш рет Берлин кинофестивалінің байқау бағдарламасына қазақстандық фильм еніп отыр, деп хабарлайды Tengrinews.kz. Эмир Байғазиннің дебюттік жұмысы болып саналатын «Үйлесім сабақтары» («Уроки гармонии») фильмі 63-кинобайқауында көрсетілмек.
«Қазақфильм» АҚ Баспасөзінің ақпараттық қағазында көрсетілгендей, аталған фильм 2011 жылы «Қазақстан киножобаларының рыногын» (Spotlight: New Kazakh Cinema) жеңіп алған болатын. Жоба VII Халықаралық «Еуразия» кинофестивалі аясында өткен еді. Аталған сыннан соң жас режисер «Қазақфильм» киностудиясының қолдауына ие болды.
Ал 2012 жылы фильм Сараево кинофестивалінің Work-in-Progress кезеңінде бірінші орын алып, кейіннен Әлемдік кино қорының (Berlinale World Cinema Fund) сыйлығын иеленді. Қазақстандық «Үйлесім сабақтары» («Уроки гармонии») жобасы әлемдік қордың қолдауына ие болған тұңғыш фильм болып отыр.
Берлин кинофестивалі 7-17 ақпан аралығында өтеді. Ал жеңімпаздар 16 ақпан күні белгілі болады. Стивен Содерберг, Гас Ван Сент, Бруно Дюмон секілді режисерлерінің жұмыстарымен деңгейлес болып отырған қазақстандық драмадан бұрын Дәрежан Өмірбаевтың «Кардиограмма» фильмі де сынға түскен болатын. Ол 1995 жылы Венеция фестивалінде таныстырылған еді.
Биыл байқауға қатысуға көптеген елдерден үш мыңнан астам өтініш келіп түскен екен. Әділқазылар алқасының төрағасы Вонг Кар-Вай есімді қытайлық режисер.
Дайыдған: Ерғали Елдос
Сурет: kazakhfilmstudios.kz