- Негізгі бет
- Кино
- Қазақ-жоңғар соғысы туралы...
Қазақ-жоңғар соғысы туралы 5 фильм
Керей мен Жәнібек сұлтандар Әбілқайыр ханнан бөлініп шығып, өз алдына жеке мемлекет құрған күннен бастап жас хандықты жаулап алуды мақсат тұтқандар аз болмады. Алтайдан Еділге дейін созылған кең далаға иелік етуді аңсаған сондай сыртқы жаулардың бірі – ойраттар еді. Ғасырларға созылған текетіресте олардың арманы кейде орындалуға шақ қалып, кейде бас көтерместей жеңіліп, жекелеген тайпалары қазақ хандарының қол астына кірген кездері де болды. Көшпелі дәстүрді ұстанған екі халықтың арасындағы соғыс XVIII ғасырдың 2-жартысында Жоңғар хандығын Цин империясы жұтып алғанға дейін жалғасты. Қос бөрідей айқасқан қазақ-жоңғар жаулығы – Ұлы даладағы үлкен қасіреттердің бірі болар. Бірнеше ғасырға созылған соғыстардың нәтижесінде екі ел де әлсіреді. Құрып кетуге шақ қалды. Осы аралықта халық ішінде түрлі батырлық жырлар мен ерлікке қатысты аңыз-әпсаналар тарады, болашақ ұрпаққа үлгі болар тарихи оқиғалар орын алды. Ауыздан ауызға беріліп бүгінгі күнге жеткен осынау мұраны болашақ ұрпаққа көрсетудің жаңа әдістері пайда болған заманда қазақ-жоңғар соғысы жайында бірқатар кино туындылар түсірілді. Бүгін біз сіздерге жас ұрпақтың бойына ұлттық рухты ұялататын сол фильмдердің бестігін ұсынбақпыз.
"Батыр Баян", 1993 жылы. Режиссер – Сламбек Тәуекел.
Бұл фильм бүкіл ғұмырын жауға қарсы өткізген Баян Қасаболатұлының тағдырынан сыр шертеді. Кезекті бір шапқыншылық кезінде қалмақтардан қалың мал барымталап, қыздарын тұтқындаған батыр тұтқындағы Құралай есімді сұлуға ғашық болып, оны жар етіп алуға ниеттенеді. Алайда, қыз батырға тұрмысқа шығудан бас тартады. Тіпті, өзіне қол жұмсаудан тайынбайтынын да байқатады. Қырсықтығы уақыт өте басылар деген үмітпен Баян ешқайда асықпайды. Қыздың ағасы Доржы болса, осы аралықта қарындасын бірнеше мәрте жау қолынан алып кетуге тырысады. Бірақ оның әрекеттері еш нәтиже бермейді. Қазақ арасында жүрген Құралай Баянның інісі Ноянға ғашық болып қалады. Ноян да қызды ұнататынын жасырмайды. Бұл елде жүріп қосыла алмайтынын білген екі жас Баян аңшылыққа кеткен кезді пайдаланып, жоңғарлар жаққа қашады. Бұл жайтты ауылға келе сала естіген батыр інісін сатқынға балап, оларды жарты жолда қуып жетеді де мерт қылады.
"Сардар", 2003 жылы. Режиссер – Болат Қалымбетов.
Бұл туынды қазақ-қалмақ аңызына негізделе түсірілген. Жаугершілік заманда тұтқынға түскен әкесін елге қайтару үшін қасына жан досы Ақбердіні ерткен Құлжа жау қосына аттанады. Жолай екі дос талай шытырманға тап болып, ақыры өздері де тұтқынға түседі. Бала кезде бір-біріне қандай жағдайда да адал болуға серттескен олар бұл жерде қалмақ қызы Сарымтанаға ғашық болады. Сарымтана да қолбасшы Шонайдың тұтқыны еді. Ол өзін құтқарған жанға өмір бақи адал болып өтуге ант береді. Қызға деген сезімнен екі дос та оны құтқаруға ұмтылады. Алайда, ғашықтық жолындағы жанкештілік олардың арасына от салады. Фильмде махаббат хикаясы мен туған жерге деген сүйіспеншілік тақырыптары қатар өрбиді.
"Көшпенділер", 2005 жылы. Режиссерлер – Сергей Бодров, Талғат Теменов, Иван Пассер.
Фильм Ілияс Есенберлин жазған "Көшпенділер" трилогиясының екінші кітабы – "Жанталастың" желісі бойынша түсірілген. Мұнда XVIII ғасырдағы қазақ даласында болған оқиғалар сипатталады. Сәби күнінде анасынан айырылып, өзі секілді жетімдердің арасында Ораз есімді ұстаздың қол астында тәрбиеленген, бала кезден жоңғар басқыншыларына қарсы соғысқа аттануды аңсап өскен Әбілмансұр кезекті шайқас кезінде қалмақтың қас батыры Шарыштың басын алады. Осы кезде ол өзінің Төре тұқымынан екенін біледі. Бұл жайт оның басына қосымша қауіп төндіреді. Қол бастар баһадүрлерінен айырылған жоңғарлар ендігіде Абылай атана бастаған Әбілмансұрды өлтіріп, қазақтардан кек алмақ болады. Сол мақсатта олар еш уайымсыз серуенде жүрген жас сұлтанды тұтқынға түсіреді. Бірақ жас кезінен соғыс өнеріне машықтанған ол басына түскен қауіптен аман-есен құтылады. Әбілмансұр елге оралған шақта жоңғарлар Түркістанды қоршауға алады. Қазақ әскеріне басшылық етіп, қасиетті қаланы жаудан аман алып қалу жүгі жас сұлтанның мойнына артылады.
"Жаужүрек мың бала", 2012 жылы. Режиссер – Ақан Сатаев.
Арал теңізінің маңында жасақталып, 15 жасар Сартай батырдың қолбасшылығымен жоңғарларға қарсы соғысқан мың бала жайлы аңыз ежелден бар. "Жаужүрек мың бала" туындысы сол аңыздың негізінде түсірілген. Фильм желісі бойынша, Сартай, Таймас пен Қорлан бала күнінде ауылдарын жау шауып, жетім қалады. Оларды Назар есімді қария құтқарып, өзімен бірге тауға алып кетеді. Кішкентайынан жоңғарларға кектеніп өскен үшеуі өсе келе тауда тығылудан шаршап, жазыққа жиі түсіп, жолай кездескен жау сарбаздарын өлтіріп, аттарын барымталауды әдетке айналдырады. Балалардың бұл қылығына уайымдаған Назар ақсақал оларды тиюға тырысады. Бірақ жалындаған жастар бой бермей, өз дегендерін істейді. Олардың аты айналадағы қазақ ауылдарына таралып, жауға қарсы соғысуды мақсат тұтқан жастың бәрі Сартайдың жанына жиналады. Өстіп жүріп жауға төтеп берер жасаққа айналған олар енді тиіп-қашып соғысуды қойып, шын соғысқа қатысуды ойлайды.
"Алмас қылыш", 2016 жылы. Режиссер – Рүстем Әбдіраш.
XV ғасырдың екінші жартысында орын алған тарихи оқиғалар баяндалатын бұл туынды қалың көрерменге ел тәуелсіздігінің 25 жылдығында ұсынылды. Фильм екі нұсқада шықты. Бірі – толықметражды фильм ретінде, екіншісі – телехикая ретінде. Туындыдағы бас кейіпкерлер – Қазақ хандығының негізін қалаған Керей мен Жәнібек сұлтандар. Бұл Дешті-Қыпшақ даласында Шайбанидтер әулетінен шыққан Әбілқайыр хан билік құрып, кең даладағы бітпейтін соғыстың кесіренен халық әбден тозған кез еді. Елдің жағдайы нашарлағанына, Әбілқайырдың ойраттармен болған кезекті шайқаста жеңіліс тапқанына ашуланған Керей мен Жәнібек одан бөлініп, жеке мемлекет құруды ойластырады. Бірақ жаңа мемлекет құру ешқашан оңай болмаған. Керей мен Жәнібек бұл жолда талай кедергіге тап болады. Өздерімен бірге көшкен елге қоныс болар жер іздеп, бірнеше рет ойраттардың шабуылына ұшырап, әрең дегенде аман қалады. Соған қарамастан, олар өз ойларына адал болып, дегендеріне жетеді.
Y. Almabek